Еліміздегі саяси реформалардың жалғасы болып отырған бұл сайлаудың негізгі жаңалығы – депутаттардың аралас жүйе бойынша сайлануы болып отыр.
19 наурыз күні елімізде мәжіліс пен мәслихат сайлауы өтеді. Орталық сайлау комиссиясының айтуынша, бұл – сайлаушылардың уақыты мен мемлекет қаржысын үнемдеу үшін қабылданған шешім болып отыр. Бүгінде саяси додаға қатысатын кандидаттар мен партиялық тізімдер анықталып жатса, 18 ақпан күні үгіт-насихат жұмыстары бастау алмақ.
Еліміздегі саяси реформалардың жалғасы болып отырған бұл сайлаудың негізгі жаңалығы – депутаттардың аралас жүйе бойынша сайлануы болып отыр. Бұл туралы мәлімдеген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы сайланса, қалғаны бір мандатты округтерден сайланатынын айтқан болатын. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланып, депутаттардың жартысы бір мандаттық жүйемен, ал қалған жартысы партиялық тізім бойынша өтеді. Сонымен қатар, аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар округтерден шыққан бір мандатты кандидаттарға дауыс береді. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауындағы жаңаша үлгі дегеніміз осы.
Сондай-ақ, биылдан бастап Мәжілістегі мандат саны 107-ден 98-ге дейін азайып отыр. Яғни, Ассамблеяға тиесілі 9 мандат иелері Сенатта отыратын болады. 98 депутаттың 29-ы мажоритарлық жүйемен сайланады. Демек, үміткерлер ешбір партияда болмаса да, өзін-өзі ұсына алады. 69-ы партиялық тізімдер бойынша қатысады. Бұл жүйе кандидаттардың да, сайлаушылардың да жауапкершілігін арттырады деген сенім бар.
Қазір жұртшылық бұл сайлауды Мемлекет басшысы ұстанған реформалардың жалғасы ретінде санап отыр. Оған үміткерлердің партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың атынан ғана емес, өзін-өзі ұсынуына да мүмкіндік алуы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастар мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу сынды шешімдер арқау болып отыр деп ойлаймын. Тиісінше, осындай өзгерістер іс жүзінде жүзеге асырылып, Президент шешіміне қолдау білдірушілер мен Парламентке деген сенімі артатын азаматтардың қатары көбейе түспек.
Жандос ҚАМБАРБЕКОВ,
Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.