Олар жұмысқа кезексіз орналастыруды талап етіп отыр.
ERNUR.KZ. Наурыздың 5-і күні жаңаөзендік жұмыссыздардың арасынан 23 адам мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыруды талап етіп, қала әкімдігінің алдында аштық жариялады, деп жазады sputnik.kz.
Олар жұмысқа кезексіз орналастыруды талап етіп отыр. Бұған дейін оларға мұнай-газ секторындағы жұмыспен қамту алгоритімін сақтай отыра, 250 мың теңгеге дейінгі жалақысы бар жұмыс орындары бірнеше рет ұсынылған болатын. Уәкілетті тұлғалар олардың жалпы кезекті айналып өтіп, мұнай-газ секторына тікелей жұмысқа орналасу туралы талабының басқа үміткерлерге әділетсіздік болатынын түсіндірді.
Бұл уәжбен келіспеген 23 адам 5 наурыз күні сағат 17:55-те аштық жариялаған. Араға бір жарым сағат салып олар өздері нашар сезінгендерін айтып 19:13-те жедел жәрдем шақырған.
Маңғыстау облыстық жедел жәрдем стансасы бастығының Жаңаөзен қаласындағы орынбасары Әлішер Көмековтың айтуынша, бірінші жедел жәрдем сол мезетте, екіншісі 19:41-де жөнелтілді.
Сараптама қорытындысы бойынша барлығы 19 адамның жағдайы қанағаттанарлық және сау деп бағаланды. Төртеуі сараптамадан бас тартты. Ауруханаға жатқызу белгілері болған жоқ.
Мұнай-газ саласына кезексіз жұмысқа орналасу үшін аштық жариялағандар полиция басқармасына жеткізіліп, профилактикалық түсіндірме жұмыстарынан кейін заңсыз әрекеттері тоқтатылды.