Жапондар Семейдегі мектептің есік-терезесін жаңалап берді

0
1 233

Біз Қазақ елін қатты құрметтейміз, жақсы көреміз.


Жапондар Семейдегі мектептің есік-терезесін жаңалап берді

ERNUR.KZ. Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовпен кездескен Жапонияның Қазақстандағы төтенші және өкілетті елшісі Тацухико Касаи қаланың көне тарихы барынан хабардар болды, деп жазады altaynews.kz.

Кездесу барысында қала басшысы Ермак Сәлімов Тацухико Касаи мырзаға Семей қаласына жасап жатқан қамқорлықтары үшін алғысын білдірді. Міне, қалада бірнеше жыл бойы «Шөп тамыры» атты әлеуметтік жоба қолға алынған. Күн Шығыс елі 11 мектепке қаржылай көмегін жасап, есік-терезелерін жаңартып берді. Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаи әкіммен кездесуден кейін қаладағы үш мектепті аралады. «Шөп тамыры» жобасы бойынша Жапония елі Семейдегі №23 мектепте 195 терезе жақтауын жаңалап берді. Ал № 25 мектепте 209, №3 мектепте 241 терезе жақтауы жаңадан орнатылды.

"Біз Қазақ елін қатты құрметтейміз, жақсы көреміз. 22 жылдық әріптестігімізде «Шөп тамыры» жобасы бойынша Қазақстанда 100 әлеуметтік жобаны қолға алып, орындап шықтық. Оның ішінде 24 жоба ШҚО-да. Ал, Семей әрқашан біздің назарымызда болмақ", -деді елші Тацухико Касаи.

Қалалық білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенконың айтуынша, «Шөп тамырының» бір жобасына кірген №3 жалпы орта білім беретін мектеп-кешенінің қабырғасы 1977 жылы қаланып, пайдалануға берілген. Содан бері терезелері күрделі жөндеуді қажет етті. Қазіргі таңда 820 оқушы білім алып, тәрбиеленуде.

Бұдан кейін құрметті қонақ Тацухико Касаи мырзаға бастауыш сынып оқушылары өздерінің ұстаздарымен бірге жасаған қолөнер еңбектерін көрсетті. Ал жоғары сынып оқушылары ІТ технология мен робототехниканы қаншалықты меңгергендіктерін айтып, білімдерін паш етті. Елші мырза барлығы да болашағынан зор үміт күттіретін жастар деп, әрқайсысының қолдарын қысты. №3 мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Сембаева Жапон елшісіне алғыс хат табыстап, терезеден келетін жарық пен жылудың нәтижесінде биыл балалардың да денсаулығы жақсарғандығын атап айтты.

Мектеп директорының әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Светлана Оспанова биыл жүргізілген мониторинг бойынша оқушылардың оқуға деген, еңбек, технология, сурет сабақтарына деген қызығушылығы артқандығын атап өтіп, Жапон халқы сөзге берік, іске адал екен деп разылығын білдірді. Және оқушылардың қолөнер туындыларынан жасалған көрмені таныстырды. №3 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Алмагүл Амантайқызының жетекшілігімен бастауыш сынып оқушылары қазақтың ұлттық билерінен, әндерінен көрініс көрсетіп, кішкентай сәбилердің барлығы елші мырзамен бірге естелік суретке түсті.