Елімізге Жапонияда тұратын отандастарымыз да көмектесіп жатыр.
ERNUR.KZ. Жапония Қазақстанға коронавирусты анықтауға арналған тестілерді тегін береді. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасынан айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
Жапонияның Инфекциялық аурулар бойынша ұлттық институты қазақстандық зертханаларға коронавирусты анықтауға арналған тестілерді тегін тапсырады. Қазақстан Елшілігінің өкілдері күншығыс елінің дәрігерлерімен кездесу өткізіп, осындай келісімге келген.
Елімізге Жапонияда тұратын отандастарымыз да көмектесіп жатыр. Осы ретте «Марби Трэйдинг инк» компаниясының бас директоры Әбдібек Қалыбек Қазақстанға 200 қорғаныс костюмі мен 5 мыңнан аса медициналық маска беріп жіберді. «Парс Ауто» компаниясының менеджері Еркебұлан Әпсемет те Отанына 4 мыңнан астам бетперде жөнелткен. Гуманитарлық жүкті «Токио – Нұр-Сұлтан» тікелей рейсімен қазақстандық әуе компания тегін жеткізді. Сонымен қоса, республикамыздың Жапониядағы елшілігінің өкілдері бейнеконференция ұйымдастырған. Оған Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мен Жапонияның инфекциялық аурулардың ұлттық иснститутының қызметкерлері қатысқан. Тараптар коронавирусты емдеу әдістерімен алмасып, онлайн консультацияларды жалғастыруға келісті.
«Бүгінде Жапонияда коронавирусты жұқтырғандардың саны мыңнан асады. Инфекцияны шетелден алып келгендер көп. Алдағы бірнеше апта Жапония үшін күрделі кезең болуы мүмкін. Өйткені бұл вирустың жаңа түрі. Сондықтан онымен қалай күресетінімізді білмейміз. Әр ел тиісті шараларды қабылдап, зерттеулер жүргізіп жатыр. Осы ретте біз ортақ консультациялар өткізіп отыруымыз керек», - деді Жапонияның ауруларды бақылау және алдын алу орталығының директоры Норио Омагари.