Жарты күн жұмыс істейтіндердің құқығы басқалармен тең қорғалады

0
643

​Елде, 2021 жылғы мәліметке сай, 470 мыңға жуық адам "толық емес жұмыс режимінде" еңбек етеді. Жартысына жуығы аптасына 20 сағаттан аз уақыт жұмыс істейді.


Жарты күн жұмыс істейтіндердің құқығы басқалармен тең қорғалады

ERNUR.KZ. Көпшілігі – ауыл шарауашылығы, білім және өнеркәсіп салаларында. Бұл мәліметті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Ол депутаттарға "Толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы конвенцияны ратификациялау туралы (175-конвенция)" заң жобасын қабылдауды ұсынды.

"Толық емес жұмыс уақыты жағдайындағы жұмыс туралы конвенция 1994 жылғы 24 маусымда Халықаралық еңбек ұйымының бас конференциясында қабылданды. Конвенция толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін, яғни ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, ананың құқығын қорғау, жыл сайынғы ақылы демалыс беру, еңбек және жұмыспен қамту саласында кемсітушілікке жол бермеу мәселелерін толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін жұмыскерлердің құқықтары сияқты қорғауды көздейді", – деді еңбек министрі.

"Конвенцияны ратификациялау мемлекеттік бюджеттен теріс әлеуметтік-экономикалық салдарлар мен қаржылық шығындарға алып келмейді. Конвенцияны қабылдау толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлерді кемсіту бөлігінде еңбек дауларына әкелмейді деп ойлаймыз. Бұл ретте Конвенцияны қабылдау еңбек қызметін жүзеге асыратын қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді және Қазақстанның осы саладағы халықаралық нормаларды сақтау мен орындауға бейілділігін растайды", – деп түйіндеді Серік Шәпкенов.

Депутаттар заң жобасын мақұлдады.