"Жатыры жыртылып кетті": Алматы облысында әйел аквапаркке барамын деп жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан

0
114

Айтуынша, сырғанақта судың жылдамдығы өте қатты болған.


Фото: acquaparco.kz

ERNUR.KZ. Алматы облысы Қонаев қаласындағы аквапаркте әйел жарақат алып, реанимацияға түсті. Сөзінше, ол аквапарктегі аттракционда сырғанаймын деп құлаған, салдарынан жатыры жыртылып, көп қан кеткен. Әйел аталмыш аквапаркте қауіпсіздік шаралары сақталмағанын айтып, желі қолданушыларына ескерту жасады, деп жазады stan.kz.

19 шілдеде Надежда Дакетова Қонаев аквапаркіне демалуға барып, онда Шиволи сырғанағына мінген. Айтуынша, сырғанақта судың жылдамдығы өте қатты болған. Соның кесірінен суға жоғары жылдамдықпен құлап, судың қатты соққысынан денесінен қан кеткен.

“Бассейннен әрең шықтым, орындыққа жата қалып, көмек сұрадым. Құтқарушы “бүгіндікке 8-құрбансың” деді, олар медбике шақырды. Медибке маған қан тоқтататын дәрі және кофеин берді. Қан қысымым күрт төмендеді, қолым мен аяғымды сезбей қалдым. Жедел жәрдем 1 сағаттан кейін ғана келді, себебі медбике асықпай қоңырау шалды. Жедел жәрдем мені ауруханаға апарды. Мамандар маған қан құйып, денемді тікті”, – деді Надежда.

Сөзінше, ота 4 сағатқа созылды. Отадан кейін енді есін жиған кезде полиция қызметкерлері келген екен. Олар әйелден аквапаркке шағымы бар-жоғын сұрады. Надежда ештеңе түсінбей, тірі қалғанына қуанып, “ешкімге шағымым жоқ, тірімін, бастысы осы” деген. Келесі күні өз-өзіне келген соң, аквапарк үстінен шағымдану керегін түсінді.

“Мен мұндай жағдайдың қайталанғанын қаламаймын. Адамдар мұнда демалуға келіп, ақша төлеп, құтқарушыларды көргендіктен, бұл жер қауіпсіз деп ойлайды. Бірақ жараланып қайтады. Аквапарк әкімшілігі ештеңе істемеді, посттарға пікір қалдыру мүмкіндігін жауып тастады”, – деді ол.

Сондай-ақ ол аквапарк аттракционы 1993 жылдан бері жөнделмегенін атап өтті. Бұл жағдайға Қонаев аквапаркінің әкімшілігі пікір білдіріп, әр адам өз денсаулығына жауапты екенін айтты.

“Біріншіден, осындай жағдайдың орын алғанына өкініп, шын жүректен кешірім сұраймыз. Екіншіден, аттракционнан сырғанаудың ережелері мен схемалары бар. Алайда көптеген демалушылар құтқарушылардың сөзін де, ережелер жазылған нұсқауларды да елемейді. Үшіншіден, аудандық полиция қызметкерлері келіп, тергеу жүргізді, әйелге алғашқы көмек көрсетілді. Ауруханаға учаскелік полиция қызметкері де келді, Надежда “аквапаркке ешқандай шағымым жоқ” деп қол қойды. Бұл сырғанақтың жылдамдығы өте жоғары және оған мінгісі келетін әрбір адам өз денсаулығына жауапты”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ мұндай жайттар аквапарк келушілердің ереже сақтамағанынан болатынын айтты.

“Надежда аквапарктегі демалысынан 2 ай бұрын ота жасатқан. Сол үшін денсаулығына қауіп төндірмеуі керек еді. Барлық нұсқау аттракционға кірерде көрсетілген, бірақ адамдар құтқарушыларды тыңдамайды және ережелерді сақтамайды. Кейбірі аяққа тұрып, сырғанағысы келеді, оларды құтқарушылар тоқтатып жатады”, – деді аквапарк тарапы.

Сондай-ақ олар расымен 1993 жылдан бері техникалық өзгерістер болған жоқ деп отыр.

“Жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізіледі және аквапарк барлық қажетті сынақтармен комиссиядан өтті”, – деді аквапарк.