39 жастағы Қостанай тұрғыны жекеменшік медициналық емханаға тиесілі көлікті ұрлап кеткен.
ERNUR.KZ. Қостанайда 19 қыркүйекке қараған түні науқасқа келген медицина қызметкерлерінің көлігін ұрлап кеткен күдікті ұсталды, деп жазады stan.kz.
Күдікті бейнебақылау камерасының көмегімен тез арада анықталып, қала орталығында ұсталды.
Белгілі болғандай, 39 жастағы Қостанай тұрғыны жекеменшік медициналық емханаға тиесілі көлікті ұрлап кеткен. Көлік жедел жәрдем қызметкерлері науқасқа келген үйдің жанына қойылған.
"Ұстау кезінде ер адамнан алкогольдік ішімдіктің иісі сезілді. Алайда ол медициналық тексеруден өтуден бас тартты. Сондықтан сот оны 15 тәулікке қамауға алу туралы үкім шығарды. Сондай-ақ ол сегіз жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Ұсталған азаматтың үстінен көлік ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ол заңға сәйкес екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін", – делінген полиция хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысы Шу ауданында жедел жәрдем станциясы бірнеше сағат бойы электр қуатынсыз қалғаны туралы жазған едік. Бұған себеп аудандық аурухананың бас дәрігері емхана жұмысына кедергі келтірмес үшін өзінің қарамағына кірмейтін жедел жәрдем бөлімінің жарығын өшіртіп тастаған.