Желіде ұшақ бортында жолаушыға көмек көрсеткен министр Әлназарованың видеосы тарады

0
114

Оқиға таңертең KC622 рейсінің бортында болған.


Желіде ұшақ бортында жолаушыға көмек көрсеткен министр Әлназарованың видеосы тарады

Видеодан скриншот

ERNUR.KZ. Астанадан Алматыға ұшып бара жатқан ұшақ бортында келеңсіз оқиға болды. Жолаушылардың бірі өзін нашар сезінген, деп жазады stan.kz.

Ұшақта болған оқиғаны қазақстандық әйел Threads жазбасында мәлімдеді. Айтуынша, оқиға таңертең KC622 рейсінің бортында болған.

"Ұшақ ұшу-қону жолағына қарай келе жатты, мен ұйықтап қалдым, содан кейін үрейлі айқай естідім. "Бортсерік! Бортсерік! Қыз өзін жайсыз сезініп жатыр, дәрігер шақырыңызшы!" деді", – деп жазды Айгүл Елемес.

Жолаушының айтуынша, өзін жайсыз сезінген қызға бір әйел жақындап, оны оята бастады.

"Оның қан қысымын өлшеді, ол жоғары болды. Бортсеріктер жүгіріп, майлықтар мен пакет беріп жатты. Өйткені қыз құса бастады. Жанында тағы бір әйел болды. Ол қызбен бірге ұшып бара жатқан, бірақ басқа қатарға отырды", – деді автор.

Жолаушыға дәрі, су және шай берілді.

"Бортсерік олардан "Сіздер дәрігерсіздер ме?" деп сұрады. Пакет ауыстырып, қан қысымын өлшеп жатқан адам ақырын "Дәрігер" деп, жұмысын жалғастырды. Олар қыздан жағдайын сұрап, әрі қарай ұша ала ма деп сұрады. Қыз "Иә" деп жауап берді. Олар ұшуға дайындала бастады", – деді қазақстандық әйел.

Кейінірек жазба авторы көмек көрсеткен дәрігер денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова екенін қосты.

Әуекомпаниясы әзірге жағдайға қатысты пікір білдірмеді.