Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектерін жаңарту ең алдымен салымшылардың ұзақ мерзімді мүдделерін қорғауға бағытталған.
ERNUR.KZ. Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану кезінде қолданылатын ең төменгі жеткіліктілік шектерінің параметрлері жаңартылды. Өзгерістер салымшының қазіргі жасын ғана емес, оның зейнеткерлік жасқа дейінгі кезеңін, болашақ зейнетақы төлемдерін, инвестициялық кірісті және өзге де ұзақ мерзімді факторларды ескеретін неғұрлым дәл есептеу әдістемесін енгізуге байланысты қабылданды.
Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектерін жаңарту ең алдымен салымшылардың ұзақ мерзімді мүдделерін қорғауға бағытталған. Өйткені зейнетақы жинақтары – қарапайым депозит немесе күнделікті шығындарға жұмсалатын қаржы көзі емес. Оның негізгі мақсаты – азаматтарды зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін тұрақты табыспен қамтамасыз ету.
Министрлік зейнетақы қаражаты ең алдымен азаматтардың болашақтағы зейнетақы төлемдеріне қызмет етуі тиіс деген ұстанымды басшылыққа алады. Себебі бүгін жинақты мерзімінен бұрын пайдалану ертеңгі зейнетақы төлемдерінің көлеміне тікелей әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін балама мақсаттарға (тұрғын үй мен емделу) пайдалану мүмкіндігі сақталады. Зейнетақы мөлшері бұрынғы табысының кемінде 40%-ын құрайтын зейнеткерлер тұрғын үй мен емделу қажеттіліктері үшін жинақтарының 50%-ына дейін пайдалана алады. Ал мемлекеттен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алатын азаматтар зейнетақы шотындағы қалған қаражатты толық көлемде пайдалану құқығына ие.
Айта кету керек, жеткіліктілік шектері соңғы үш жыл ішінде қайта қаралмаған. Сондықтан оларды жаңарту зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге және азаматтардың болашақта неғұрлым қорғалған әрі тұрақты табысқа сенім артуына мүмкіндік береді.
Зейнетақы жинақтары – адамның зейнет жасындағы қаржылық тұрақтылығының кепілі. Жаңартылған әдістеме қазақстандықтардың болашақтағы зейнетақы төлемдерін қорғауға, жинақтардың жеткіліксіз болу тәуекелдерін төмендетуге және ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.


