Есірткінің интернет арқылы таралуына да ерекше назар аударылуда.
ERNUR.KZ. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласында есірткі қылмысының алдын алу және оның заңсыз айналымына тосқауыл қою бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды.
Шымкент қаласының Полиция департаменті «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында есірткі қылмыстарын анықтау, олардың жолын кесу және заңсыз таралуына жол бермеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Биылғы жылдың жеті айында қала аумағында есірткіге қатысты 296 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 53-і есірткі сату, 12-сі аса ірі мөлшерде сақтау, 19-ы есірткі өсімдіктерін егіп-өсіру фактілеріне қатысты. Сонымен қатар, 197 есірткі қылмыстық теріс қылығы тіркелген.
Есірткінің интернет арқылы таралуына да ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері есірткі саудасына қатысты 1225 интернет-сайт, әлеуметтік желідегі парақша және мессенджерлік арна анықталып, бұғаттауға енгізілген. Сондай-ақ қылмыстық әрекеттерде пайдаланылған 576 банк шоты анықталып, оларға шектеу қойылған.
Маусым айының басынан бері қала аумағында «Қарасора-2026» республикалық арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның аясында есірткі өсімдіктерін үй жағдайында өсіру және сақтау фактілерін анықтау бойынша үй-үйді аралау, аумақтарды тексеру және әуеден бақылау жұмыстары жүргізілуде. Іс-шара барысында қала орталығындағы жеке тұрғын үйден 300 келіден астам есірткі өсімдігі тәркіленсе, тамыз айында Тұран мөлтек ауданында есірткі өсімдігін жасанды жағдайда өсіруге арналған «фитозертхана» анықталып, есірткі өсімдігі мен екі қару тәркіленген. Жалпы жыл басынан бері қалада есірткі өсімдіктерін үй жағдайында өсірудің 19 фактісі анықталған. Сонымен қатар, синтетикалық есірткінің интернет арқылы таралуына қарсы жедел-іздестіру жұмыстары жалғасуда. Нәтижесінде синтетикалық есірткіні онлайн өткізуге қатысты 49 дерек анықталып, «закладчик» тәсілімен айналысқан 40 адам ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған.


