Жезқазғанда тұрғындар өз үйлерінің астында қаламыз ба деп қорқады

0
167

Жезқазған қаласындағы Алашахан көшесінде орналасқан №33 үйді жауаптылар 7 жыл бұрын апат жағдайында деп таныған.


Жезқазғанда тұрғындар өз үйлерінің астында қаламыз ба деп қорқады

фото: видеодан скрин

ERNUR.KZ. Жезқазған жұрты "7 жылдан бері үйіміз апат жағдайында" деп дабыл қақты, деп жазады tengrinews.kz.

Жезқазған қаласындағы Алашахан көшесінде орналасқан №33 үйді жауаптылар 7 жыл бұрын апат жағдайында деп таныған. Пәтер иелері содан бері сең қозғалып, селт еткен билікті көрмеген. Амалы таусылып, сарсаңға түскен халық құлағалы тұрған баспанада күй кешуге мәжбүр.

"Апат жағдайындағы үйдің қатарына енгеніне 8-9 жыл болды. Ештеңе жасалмады", – деді Жезқазған қаласының тұрғыны Меруерт Есболова.

Халық қордаланған мәселе бойынша құзырлы органдар мен әкімдікке сан мәрте жүгінген. Жезқазған әкімдігі көпқабатты үйге екі метрлік темір бағананы халықтың қаражатына орнатыпты. "Қабырғадағы бетон плиталардың аражігі күн сайын ашылып жатыр" деп ашынды тұрғындар.

"Әкімдік жұмыс істемейді ғой. Екі қабырғаның ортасы 2 сантиметр ашылып кеткен. Не істеу керек? Сан мәрте көмек те сұрадық", - деді Жезқазған қаласының тұрғыны Ербол Қалиев
"Әкімдікке ақша жинап бердік. Темір бағана қойды, бірақ қабырға жарылып жатыр. Үйде бала-шаға бар. Бесінші қабатта тұрамын, қорқамыз", – деді Жезқазған қаласының тұрғыны Нұрбек Ашилов.

Айта кетейік, Ұлытау облысы бойынша сұрқы кетіп, тозығы жеткен 457 үй бар. Ал Жезқазғанда 23 үй апат жағдайында деп танылған.

"Жоспар бойынша көшіреміз. Көшпесе, өтемақы төленеді. Алдағы 4 жыл ішінде 334 отбасы, 3200-ден адамды көшіру жоспарланған", - деді Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Алмаз Жандарбеков.

Ұлытау облысы әкімдігі баспанамен қамту бағдарламасын халыққа жарияламаған. Оның нақты қашан жүзеге асатынын билік өкілі де білмейді. Ал көпшілік әзірге апат жағдайындағы үйде үрей құшағында күй кешуге мәжбүр.