«Жігіті барын біліп қойған»: Ақтөбеде ер адам бұрынғы әйелі мен енесін соққыға жыққан

0
1 268

​34 жастағы тұрғын 1 жылға сотталды.


«Жігіті барын біліп қойған»: Ақтөбеде ер адам бұрынғы әйелі мен енесін соққыға жыққан

Фото: © istockphoto.com

ERNUR.KZ. Ақтөбеде 34 жастағы ер адам қызғаныштан бұрынғы жұбайын және енесін ұрып-соғып, 1 жылға сотталды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Тергеу материалдарына сәйкес, ер адам балаларынан бұрынғы әйелінің жаңа қарым-қатынасы туралы естіп, оның үйіне барып жанжал шығарған. Алдымен әйелдің басынан және бетінен ұрып, оны еденге құлатып, аяғымен ұрған.

«Осы сәтте бөлмеге анасы кіріп келген. Ашуға булыққан ер адам кәрі әйелге де шабуыл жасап, оның басынан теуіп, тізесімен кеудесін басқан. Нәтижесінде, әйел бас-сүйек-ми жарақатын, ми шайқалуын, қабырға сынығын және кеуде жарақатын алған», — делінген хабарламада.

Сот отырысында айыпталушы өз нұсқасын айтып, бұрынғы әйелімен қайта қосылғысы келгенін, бірақ оның анасымен қарым-қатынасты үзуін талап еткенін жеткізді. Ер адамның айтуынша, жанжал кезінде енесі басына соққы берген, ал ол өз кезегінде оған тізесімен қысым көрсетіп, жерге құлатқан. Әйелінің жарақатын «кездейсоқ болды» деп түсіндірген. Алайда жәбірленуші әйел бұл нұсқаны теріске шығарды.

«2025 жылдың қаңтарында ажырастық. Ақпан айында балаларды демалысқа алып кеткен соң, маған қызғанышпен қоқан-лоққы жасай бастады. Ертеңінде балаларсыз келіп, бірнеше рет шапалақпен ұрып, еденге құлатып, тепкіледі. Анамды шашынан сүйреп, еденге құлатты. Мен қорғауға тырыстым, бірақ ол менің де басымды үстелдің шетіне ұрғылап, қайтадан анама ауысты. Ол есінен танып қалды. Сол кезде пышақ іздеп, бізді өлтіремін деп айқайлады. Бірақ мен барлық пышақты алдын ала тығып қойған едім»,– деді жәбірленуші.

Қария әйел сотта есін ауруханада жиғанын айтты. Екі жәбірленуші де ер адамнан қауіптенетінін және оны оқшаулауды сұрады.

Сот айыпталушыны денсаулыққа орташа және жеңіл дәрежеде зиян келтіру баптары бойынша кінәлі деп таныды. Жағдайды ескере отырып, оған қауіпсіздігі төмен мекемеде 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.