Жол ережесін өрескел бұзатындар жүргізуші куәлігінен 1 жылға айырылуы мүмкін

0
114

2025 жылдан бастап такси агрегаторларына бақылау күшейтілді.


Жол ережесін өрескел бұзатындар жүргізуші куәлігінен 1 жылға айырылуы мүмкін

Фото: Kazinform\ЖИ

ERNUR.KZ. 70 мың оң рульді көлік такси ретінде тіркеле алмайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты, деп жазады inform.kz.

— Автотасымал саласы ерекше бақылауда тұр. 2025 жылдан бастап такси агрегаторларына бақылау күшейтілді. Олармен цифрлық ақпарат алмасуды жолға қойдық. Мысалы, оларға 70 мың оң рульді көлік тізімі жіберілді. Олар енді такси ретінде тіркеле алмайды. Сондай-ақ, жүргізуші куәліктерін автоматты түрде тексеру енгізіліп жатыр, яғни, куәлігі жоқ адамдар жұмыс істей алмайды. Оған қоса, Көлік министрлігі мен такси агрегаторларына жүргізушілердің рейс алдында медициналық тексеруден өтуін, көліктердің техникалық тексеруі болуын бақылаудың нақты тетігін әзірлеу қажет, — деді министр.

Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру бағытында қажетті шараларды қабылдап жатыр.

— Қазіргі уақытта айыппұлды елемейтін «өрескел» құқық бұзушылар бар. Олармен күресу мақсатында «баллдық» жүйені енгізуді пысықтаудамыз. Ол әрбір заңбұзушылықты және оның ауырлығын ескереді. Айыппұлмен қатар, бірнеше мәрте және ауыр бұзушылықтар үшін жүргізуші куәлігін 1 жылға тоқтату көзделеді. Тиісті түзетулерді Құрылтайдың қарауына енгіземіз, — деді ол.

Сонымен қатар ол жол қауіпсіздігіне қатысты кейбір шешімдер өкілетті органдар мен әкімдіктер тарапынан толығымен орындалмай жатқанына шағымданды.

— Осыған байланысты сіздің атыңызға кінәлі тұлғалардың жауапкершілігі бойынша тиісті ұсыныс пен ақпаратты бөлек енгізуіне рұқсат етіңіз, — деді Ержан Сәденов Премьер-министр Олжас Бектеновке.