ЖОО-лар мектептермен тығыз жұмыс істеуі керек – Аймағамбетов

0
601

Ғылыми-зерттеу институттарының 300-ден астам ғалымы ЖОО-да дәріс оқиды.


ЖОО-лар мектептермен тығыз жұмыс істеуі керек – Аймағамбетов

ERNUR.KZ. Ғылыми-зерттеу институттарының 300-ден астам ғалымы соңғы ғылыми жетістіктермен бөлісу мақсатында жоғары оқу орындарында дәріс оқу, сабақ беру, ғылыми жұмыстар мен диссертацияларға жетекшілік етіп, рецензия жазу жұмыстарына тартылады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғылыми-зерттеу институты форумында мәлім етті, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Мемлекет басшысы ғылым мен білімді дамыту үшін барлық жағдайды жасады. Институт, университеттер мектептермен, оқушылар сарайларымен тығыз жұмыс істеуі керек. Бізде осы сала ақсап тұр. Ол тек кәсіби бағыттағы жұмыс емес, әртүрлі ғылым жарыстар, олимпиадалар ұйымдастыру. Алматы қаласындағы қай мектепті алсақ та, ғылыми институттар, университет мамандарымен бірлесе жұмыс істеуге қуана келіседі. Институттарға мектептермен бірлесе жұмыс істеуді тапсырамын. Біз Президент тапсырмаларын сапалы, әрі, тыңғылықты ұйымдастыру керекпіз. Біздің ғылыми әлеуетіміз жоғары. Стандарттарға сай келмейтін ЖОО-ларды жауып жатырмыз», - деді министр.

Бұдан бөлек бірлесе маман дайындау үшін ғылыми-зерттеу институттарының зертханалары магистранттар мен докторанттарға, ал оқу орындарының зертханалары институт қызметкерлеріне қолжетімді болады. Олар Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты, Ұлттық биотехнология орталығы, Биологиялық қауіпсіздік институты және тағы да басқа теңдессіз ғылыми зертханаларда жұмыс істеп, тағылымдамадан өте алады.

Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлерінен жасақталған жүзден аса диссертациялық кеңес ашылады. Осыған дейін ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары диссертациялық кеңестердің жұмысына қажетті деңгейде жұмылдырылмаған болатын.

Министрдің сөзінше, қабылданған шаралар ғылыми зерттеу сапасы мен ғылыми кадрларды дайындаудың тиімділігін арттырып, ғылымға талантты жастарды тартуға оң ықпал етеді.