ЖОО мен колледж студенттері қандай жағдайда 42 500 теңге алуы мүмкін

0
1 019

Студенттерге әлеуметтік төлем төлеу заңсыз деген де сөздер болған.


ЖОО мен колледж студенттері қандай жағдайда 42 500 теңге алуы мүмкін

ERNUR.KZ. Студенттер экономикалық белсенді халыққа жатпағандықтан әлеуметтік төлем ала алмауы мүмкін. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«42 500 теңге әлеуметтік төлемінде студенттер деген бөлек санат жоқ. Мысалы студенттің студент болғаны үшін 42 500 теңге өткен жолы да төленген жоқ, бұл жолы да төленбейді. Жалдама қызметкер, жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар шектеуге байланысты табысынан айырылғаннан кейін төлем төленеді. Ал бұл санатқа студенттер де кіруі мүмкін. Бұған дейін айтқанымдай, алдағы 1-2 күнде ережені пысықтап бітіреміз. Бірақ өткендегі төлем тәжірибесінде осы студенттерге қатысты сұрақтар студенттерге емес, бізге тиісті органдар тарапынан болды», - деді министр орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, сол кезде студенттерге әлеуметтік төлем төлеу заңсыз деген де сөздер болған.

«Сондықтан оны әлі пысықтап, алдағы 1-2 күнде кеңес жүргіземіз. Біздегі еңбек нарығына қатысты заңнаманы көтеріп, еңбек нарығындағы көрсеткіш, адамдардың мәртебесін қарасаңыздар, экономикалық белсенді халық деген бар. Олар: жұмыс істейтіндер, жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Студенттер экономикалық белсенді халыққа жатпайды. Олар қарттармен, балалармен, мүгедек жандармен қосылып, экономикалық белсенді емес халық санатына жатады. Бұған қоса, студенттерді жұмыссыз ретінде тіркеуге болмайды. Мұнан бөлек, медициналық сақтандыру заңы бойынша оларған жарнаны мемлекет төлейді. Осыларды негізге ала отырып, өткен жолы студенттерге төлем жасау дұрыс болмады деген пікірлер болды. Осыларды пысықтап жатырмыз», - деді Біржан Нұрымбетов.

Дегенмен, оның атап өтуінше, студент жалдамалы жұмыс істеп жүрсе, онда жұмыс берушісі қызметкерінің атынан өтініш беруі керек.