Жұмыс берушілер қызметкер шығынын өтейді: сенат заңды президентке жіберді

0
1 486

Заңда ішкі туризмді дамытуға арналған бірқатар шаралар қарастырылған. Атап айтсақ, ата-анасымен бірге жүретін 15 жасқа дейінгі балаларға алынған әуе билет ақысын, кәсіпкерлердің шығынын өтеуге арналған нормалар бар.


Жұмыс берушілер қызметкер шығынын өтейді: сенат заңды президентке жіберді

ERNUR.KZ. Сенат депутаттары туристік қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды қабылдады, деп жазады sputnik.kz.

Заң аясында ішкі туризмді дамытуға арналған бірқатар шараларды қолға алу жоспарланып отыр.

"Қазақстанның ішкі туризмін дамыту мақсатында туристік пакетте ата-анасымен бірге жүретін 15 жасқа дейінгі балаларға алынған әуе билет құнын өтеу нормасы да қарастырылған. Тағы бір жақсы норманы айтып кетейін, мысалы, қызметшілер туристік пакет аясында демалысқа шықса, жұмыс берушілер олардың шығынын өтейді. Бұл шаралар ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік береді", - деді Райымқұлова сенаттың жалпы отырысында.

Бұдан бөлек, заң жобасына кәсіпкерлердің шығынын өтеуге арналған нормалар да енгізіліп отыр. Олар:

  • туристік нысандар мен жол бойындағы қызмет көрсету объектілерін салуға кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу;
  • туристік мақсаттарға арналған көлік құралдары мен тау шаңғысы курорттарын дамытуға арналған жабдықтар алуға шығындардың бір бөлігін өтеу;
  • туристік пакет шеңберінде әрбір келген шетелдік турист үшін туроператорларды субсидиялау;
  • санитарлық-гигиеналық қондырғыларды күтуге арналған кәсіпкерлер шығындарын субсидиялау.

"Біздің есептеулеріміз бойынша бұл шараларды жүзеге асыру экономикаға бюджеттің қосымша кірісі түрінде 135 млрд теңгені тартуға, 170 мыңнан астам жұмыс орнын құруға және кем дегенде 1000 жобаны іске асыруға мүмкіндік береді", - деп атап көрсетті Райымқұлова.

Заң жобасында "басым туристік аумақ" деген ұғым бекітіледі. Бұл аумақтарда инвесторлар үшін ерекше жеңілдіктер жасалады. Шетелдіктерден туристік алым енгізіледі. Оның мөлшерін мәслихат, төлеу тәртібін үкімет бекітеді.

Сенат депутаттары заңды қабылдап, президентке қол қоюға жіберді.