Жыл басынан бері 260 адам қайыр сұрағаны үшін жауапқа тартылды

0
601

Шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ адам ұсталса, онда айыппұл мен 5 тәулікке дейін қамауға алынады.


Жыл басынан бері 260 адам қайыр сұрағаны үшін жауапқа тартылды

ERNUR.KZ. Көліктегі ПД қоғамдық орындарда адамдардың мазасын алып тиісу фактілерін анықтау, алдын алу және жолын кесу мақсатында Көліктегі полиция департаментінің бөліністерімен тұрақты негізде жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Бұл туралы Департамент бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оның сөзінше, еліміздің әуе және теміржол көлігі нысандарында биылғы жыл басынан бері қоғамдық орындарда адамдардың мазасын алып тиіскені үшін 1652 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде жеке тасымалдау қызметтерін ұсыну мақсатында тиіскені үшін – 345, заттарды сатып алу, айырбастау бойынша – 627, өзге де қызметтерді ұсынумен – 680.

«Сондай-ақ қайыр сұраумен айналысатын 260 адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлық жеткізілген тұлғалармен әңгімелесу жүргізіліп, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету және жұмысқа орналасу үшін ақпараттар жұмыспен қамту орталықтарына берілді. 84 құқық бұзушы қабылдау-тарату орындарына, 51 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына орналастырылды», – деді Мадияр Айтуғанов.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР ӘҚБтК 449-бабының 1-бөлігі, яғни қоғамдық орындарда тиісу бойынша жеке тұлғаларға ескерту не бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Егер азамат құқық бұзушылықты әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған болса, онда ол 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ адам ұсталса, онда айыппұл мен 5 тәулікке дейін қамауға алудан басқа, ол елден тыс шығарылуы мүмкін.