«Баламның ИММУНИТЕТІ нашар, АУЫРА береді» дейтін АНАЛАРДЫҢ есіне!
фото: tr.pinterest.com
Көктем мезгілі шуағымен, жылылығымен қуантады. Алайда бұл кезде ағза әлсіреп, қалжырайды. Тамаққа тәбет тартпай, ұйқы қанбай, адамның бойын мазасыздық билейді. Ештемеге зауқы соқпай, белсенділігі төмендейді. Бұл ешқандай аурудың белгісі емес, иммунитеттің төмендеуінен дерек береді.
Иммунитет төмендеген жағдайда ағза кез келген ауруды қабылдағыш келеді. Мұның алдын алу үшін үйде өз қолыңызбен мына сусындарды әзірлеп ішіңіз. Тіпті кішкентай балалардың да иммундық жүйесін нығайтып, саулығын арттырады.
МИНЕРАЛДЫ СУ мен СҮТ
1/4 стақан сүтті жылытасыз. Оған 1/4 стақан "Боржоми" немесе "Ессентуки" минералды суын араластырып, ішіңіз. Егер емдік қасиетін арттырғыңыз келсе 10 гр. сары май қосуға болады. Емдік сусынды жылы күйінде ішу керек.
Бұл сусынды бір қабылдағаннан-ақ иммунитетіңізді көтереді. Сонымен қатар, тамақ ауруын емдейді, қақырықты шығарады, жөтелді кетіреді.
ЛИМОНАД
фото: demagrotarim.com
Бұл дәмді сусынды 3 түрлі жеміспен әзірлейміз. Бізге керегі апельсин, лимон және грейпфрут. Таңдап алған жемісті жақсылап жуып, қабығынан тазартамыз. Сосын шырынсыққыштың көмегімен шырынын аламыз. Бәрін бір ыдысқа құйып, татымына қарай қант қосу керек. Дайын болған шырынды жылы күйінде күніне 3 рет қабылдайсыз. Емді тамақтан соң жүргізу керек.
Бұл лимонад иммунитетті көтереді, күйзелістен арылтады әрі суық тигізуден сақтайды.
АЛМА мен СУ
3-5 дана алманы тазалап жуып, қақ ортасынан бөлесіз. Дәндерінен, өзегінен ажыратып, текшелеп турап, ыдысқа саласыз. Үстіне 1 литр су құйып, отқа қойыңыз. Бір қайнап шыққан соң отын бәсеңдетіп, қақпағын жауып бұқтырасыз. Шамамен 5-7 минуттай қайнаған соң отын сөндіріп, 3-4 сағаттай тұндырып қою керек.
Дайын болған дәмді сусынды күніне бірнеше рет ішуге болады. Ем ретінде жылытып қабылдау керектігін ұмытпаңыз.
ИТМҰРЫН мен БАЛ
2 ас қасық ұнтақталған итмұрынды 1 стақан ыстық су құйылған термосқа саласыз. Итмұрын тұнбасы жылыған кезде татымына қарай бал қосып, ішуге болады.
Емді жүргізгеннен соң ауыз қуысын таза сумен шаю керек. Әйтпесе тұнбаның құрамындағы аскорбин қышқылы тіс эмальін зақымдайды.
Итмұрын қайнатпасы – бойыңызға қүш-қуат береді, ағзаны әлдендіріп, сергектік сыйлайды. Бастысы, иммунитетіңізді көтереді.
БАЛ мен ЛИМОН
фото: medvoblago.ru
4 дана лимонды жылы сумен жуасыз. Екі дана лимонның қабығын ұсақ үккіштен өткізесіз. Ал 4 лимонды дәнінен ажыратып, шырынсыққыштан немесе еттартқыштан өткізіңіз. Қоймалжыңды қабатталған дәкенің көмегімен сүзіп алу керек. Бір бума жалбызды жуып, қолыңызбен бөлесіз. Кеңдеу ыдысты отқа қойып, 3 литр су құйыңыз. Су қайнап шыққан соң үгілген қабық пен туралған жалбызды салып, 2 минуттай қайнатасыз. Осы уақыт өткен соң ыдысты оттан алып қоясыз. Қайнатпа жылыған кезде оған лимон шырыны мен 0,5 стақан бал қосасыз. Емдік сусын салқындаған кезде қақпағы мықтап жабылатын шыны ыдысқа құйып, тоңазытқышқа қойыңыз. Ішетін кезде аздап жылытуды ұмытпаңыз.
Бұл сусын иммундық жүйені нығайтуға ықпал ететін С дәруменінің қайнар көзі болып табылады.
ЖӨКЕ мен БАЛ
1 шай қасық түймедақ пен 1 шай қасық жөкені ұнтақтап, бір ыдысқа саласыз. Үстіне 1 стақан ыстық су құйып, қақпағын мықтап жабыңыз. Шамамен 15 минуттан соң тұнбаны сүзіп аласыз. Емдік сусын жылыған кезде 1 шай қасық бал араластырып, ішесіз.
Ескерту! Халық емін қолданбас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесіп алыңыз.
Материал түрлі дереккөздерінен алынды
Дайындаған - Л.АХМЕТОВА,
Тағы оқыңыз:
Бетіңізге БӨРТПЕ шықса ҚАЙ АҒЗАНЫ емдеу керек?