БАЛАмен бірге көріп, талқылау арқылы ТӘРБИЕ беретін фильмдер

0
179

Бұл туындыны тамашалағаннан кейін мына сұрақтарға жауап іздеуге болады


БАЛАмен бірге көріп, талқылау арқылы ТӘРБИЕ беретін фильмдер

Сурет: ЖИ

Баламен бірге көруге болатын жақсы отбасылық фильмдер батылдық, құндылық, жауапкершілік, сенім сияқты маңызды тақырыптарды қозғайды. Ең бастысы – ата-ана мен баланы жақындастырып, бірге әңгімелесуге мүмкіндік береді.

Қызықты оқиғасы терең мағынамен ұштасқан, көңіл көтерумен қатар ойлануға жетелейтін бірнеше туындыны топтастырдық. Олардың әрқайсы өзінше ерек. Сондай-ақ, ортақ қасиеті де бар: олар кішкентай көрерменді де, ересекті де қызықтырады.


«Мұңлы балықтың суасты шытырманы»

Мультфильм, 6+

Америкалық жазушы Дебора Дисеннің танымал кітаптар сериясы негізінде түсірілген. Мультфильм теңіз астында өмір сүретін, мұңайып жүретін Мистер Балық туралы баяндайды. Үнемі қабағы түсіп жүретіндіктен, оны «Мұңлы балық» деп атап кеткен.

Мультфильм балаларға тікелей ақыл айтпай-ақ, әр адамның мінезі әртүрлі болатынын, бір-біріне жанашырлық танытудың және армандармен бөлісудің маңызын көрсетеді. Жеңіл, жылы әрі мейірімді атмосферасы оны кішкентай балалармен бірге көруге ыңғайлы етеді.


«Ормильда»

Мультсериал, 12+

Мұздықтар еріп кеткеннен кейін әлем мифтік жаратылыстарға толып кетеді. Жас Ормильда мен егде жастағы тарих пәнінің мұғалімі Альберт Мемлекеттік сиқырды зерттеу бөліміне жұмысқа орналасады. Олардың міндеті – пайда болған мифтік тіршілік иелерін қайтадан мұзға қайтару. Бірақ бұл мақсат көп ұзамай үлкен шытырман оқиғаға айналады. Ұшақ адам аяғы баспайтын биік таулы аймақта апатқа ұшырап, топ тығырыққа тіреледі. Альберт тұтқынға түседі, ал олардың соңынан сиқырлы жалдамалылар қуып келеді.

Оқиға барысында Ормильда бастапқыда «құбыжық» деп қабылдаған жаратылыстардың бәрі бірдей қауіпті емес екенін, олардың арасында дос болуға лайықтары бар екенін түсінеді.

Мультсериал климат, экология, табиғаттың еркіндігі мен тіршілік иелерінің құқығы сияқты маңызды мәселелерді жеңіл тілмен, әзіл мен сарказм арқылы жеткізеді.


«Кішкентай жауынгер»

Фильм, 6+

«Кішкентай жауынгер» – жасөспірімдер мен ата-аналарға ортақ тіл табуға мүмкіндік беретін сирек кездесетін отбасылық фильмдердің бірі. Мұнда жасанды пафос та, орынсыз әзіл де, көрерменге ақыл үйретуге тырысатын ұзақ әңгімелер де жоқ.

Фильмдегі сумо тек күш сынасу емес. Ол – намыс, төзімділік, өзіңді қабылдау және қиындыққа мойымау туралы. Туынды балаларға өзіндік ерекшелігін бағалауды, өз әрекетіне жауап беруді және қарсылық білдіру энергиясын пайдалы іске бағыттауды көрсетеді.

Басты кейіпкер Витя – тез ашуланатын жасөспірім. Құрдастары оны дене бітіміне байланысты мазақтайды. Витя сумо балуаны болуды және Жапонияға барып, жарысқа қатысуды армандайды. Тентектігі мен айналасындағылармен жиі қақтығысып қалатынын ол ақырында өзіне және өзгелерге құрметпен қарау арқылы алға жылжитын жолын табады.

Баланың ойын мына сұрақтарға жауап беру арқылы түйіндеуге болады:

  • Адамның өзгелерден ерекшеленуі кемшілік пе?
  • Ата-ананың баланың арманына араласуы қаншалықты дұрыс?
  • Жеңіс деген міндетті түрде бірінші орын алу ма?
  • Өз-өзіңе деген құрмет қалай қалыптасады?


«Ойжұмбақ»

Мультфильм, 6+

Адамның ішінде қуаныш, мұң, ашу, қорқыныш сияқты сезімдер қалай өмір сүретінін көрсететін ерекше оқиға. Басты кейіпкер Райлидің өмірінде өзгерістер болып, оның эмоциялары бір-бірімен тіл табысуға мәжбүр болады. Фильм сезімді жасыру емес, оны түсіну маңызды екенін көрсетеді. Бұл туындыны бірге тамашалағаннан кейін балаңызбен мына тақырыптарды тақылауға болады:

  • Мұңды болу жаман ба?
  • Неліктен кейде қуанып тұрып та жылаймыз?
  • Бала ата-анасына өз сезімін айтуға не кедергі болуы мүмкін?


«Коконың құпиясы»

Мультфильм, 7+

Туынды отбасы мен мәдени дәстүр тақырыбын қозғайды. Мигельдің отбасы тарихын білуге ұмтылысы арқылы отбасы, естелік, жақын адамдарды қадірлеу, арман мен жауапкершілік туралы әңгімелейді.

Талқылайтын тақырыптар:

  • Отбасының тарихын білу не үшін қажет?
  • Арман мен отбасының қалауы бір-біріне қайшы келсе не істеуге болады?
  • Адамды ұмытпау дегенді қалай түсінесің?
  • Отбасындағы ескі реніштерді кешіруге бола ма?


«Паддингтон»

Фильм, 6+

Бейтаныс елге келген кішкентай аюдың жаңа отбасын табуы туралы жылы оқиға. Фильм мейірімділік, әдептілік, өзгеге көмектесу және бөтен адамды сыртқы ерекшелігіне қарап бағаламау туралы ой салады. Оны балалармен бірге көріп, батылдық, сыпайылық және жанашырлық жайлы сөйлесуге қолайлы фильм ретінде ұсынамыз. Талқылайтын тақырыптар:

  • Бейтаныс адамға сенуге бола ма?
  • Біреуді сыртқы түріне қарап бағалау дұрыс па?
  • Қонақ пен үй иесінің жауапкершілігі қандай?


«Ғажайып»

Фильм, шамамен 10+

Мектепке алғаш барған Августтың оқиғасы арқылы фильм буллинг, достық, эмпатия, сыртқы келбетке емес, адамның мінезіне қарау мәселелерін қозғайды. Фильмнен кейін баламен сыныптағы қарым-қатынас пен қатарластарының қысымы туралы сөйлесуге болады. Мына сұрақтарға жауапты бірге іздеңіздер:

  • Біреуді сыртқы ерекшелігі үшін мазақтау неге қауіпті?
  • Досыңды өзгелер мазақтап тұрса, сен не істей аласың?
  • «Жақсы адам болу» мен «жақсы оқушы болудың» айырмашылығы қандай?
  • Кейде көпшілікке қарсы шығу не үшін қажет?

Фильмнің жай ғана «балаларға арналған» болуы жеткіліксіз. Көргеннен кейін «Неге бұлай болды?», «Мен оның орнында болсам не істер едім?» деп ойланатындай болғаны жақсы.

Дайындаған: Т. СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ROBLOX-СЕРИАЛдан балаларға ҚАУІП бар ма?