«Әйеліме хиджапты мәжбүрлеп кигіземін»: Ішкі істер министрлігі Ұланғасыр Қамидің үстінен тексеру жүргізіп жатыр

0
502

«Күйеулері хиджап кимегені үшін әйелдерін өлтіреді»


«Әйеліме хиджапты мәжбүрлеп кигіземін»: Ішкі істер министрлігі Ұланғасыр Қамидің үстінен тексеру жүргізіп жатыр

«Әйелімді хиджап киюге мәжбүрлеймін. Күйеулері хиджап кимегені үшін әйелдерін өлтіріп жатыр». Осылай деп әлеуметтік желіде пікір білдірген әнші Ұланғасыр Қамидің басы дауға қалды.


Ол қазіргі уақытта отбасындағы жанжалдардың туындауына қыз-келіншектердің хиджап кимей жүргені себеп екенін алға тартты. Өнер иесі болашақта тек хиджап киетін аруға ғана үйленетінін жеткізді.


«Шын түсініп киген әйел хиджабты басын кесіп алса да шешпейді. Басқасында шаруам жоқ. Мен ертең өз әйеліме хиджап кигіземін. Басқасы шешіп ала ма, шешіндіре ме, шатағым жоқ. Өзімдікіне кигіземін. Бұған көнетін әйелді аламын, көнбесе, алмаймын. Арабтікі ме, басқаныкі ме, маған бәрібір. Мен оны түсініп тұрмын, түсенетін әйел іздеймін. Кимеймін десе, «чао» деймін. Болашақ әйелімнің санын жалтыратып ешқайда шығарғым келмейді.


Неге хиджаб кигізесің деген сұрақ болса, ер адам өзіне жауапкершілік алады ғой. Үйленгеннен кейін ақыретке дейін әйеліңе де сен жауаптысың, сұраласың. Егер хиджап киіп, дұрыс жүрмейтін әйел болса, үйленбей-ақ қойған дұрыс... Әйелін өлтіріп қойды дегеннің бәрі хиджап кимегеннен басталған шаруа. Ұстаздар баяғыдан айтып келе жатыр. Әйелі санын жалтыратып көшеге шығады, күйеуі оны естиді де барып өлтіріп қояды деген сияқты», - деп айтты Ұланғасыр Қами.


Желіге тарап кеткен осы видеосы үшін өнер иесінің Саида Сисембаева есімді «Фейсбук» қолданушысы Ішкі істер министрлігіне шағым түсірген.


«Бүгін «е-өтініш» арқылы Ішкі істер министрлігіне Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес, әлеуметтік және гендерлік араздықты қоздырғаны, әйелдерге өшпенділік тудырғаны және әйелдерді, қыздарды күйеуінің, бұрынғы күйеуінің, жігіті мен туыс ер адамдарының қолынан зорлықпен өлтірілгенін және дене жарақатын алғанын ақтағаны үшін мәлімдемесін тексеруді сұрап арыз жаздым», - деді ол.


Ұланғасыр Қамидің осы мәлімдемесінен кейін оның тыңдармандары да теріс пікір жаза бастады.


«Сахнадан жоғал!», «Балқияға» бойкот!», «Бұған да бір хайп керек болған шығар. Өзіне көп алып кетті! Енді әндеріңді тыңдамауға тырысамын. Халық алдында жүргесін елді алдыға сүйрейтін осылар ма десең…», «Болашақ қатынұрғыштар осындайлардан шығады», «Концерттеріне барудан бас тартайық», «Өзі неге оранбаған қыздардың алдында ән айтып, соларды билетіп тұр?!», «Әншілердің естісі жоқ, бәрі аузына келгенді айтып, лағып жүр» деп жазды көпшілік.


Айта кетейік, Саида Сисембаеваның шағымын министрлік өкілдері растады. «Өтініш тіркелді. Тексеріс жүріп жатыр, оның қорытындысы бойынша процесуалдық шешім қабылданады», - деп хабарлады ІІМ өкілдері.