«Көлікке тығылып отырғанын ел көрді ғой, ешкімді алдай алмайсыз»
Отандық танымал әнші Қайрат Нұртас 3 қаңтарда Ақтау қаласында концерт берген еді. Осы концерттен соң әншіге қатысты біраз әңгіме тарады. Елдегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде концерт берген оны желідегі кейбір оқырмандар ағаш атқа теріс мінгізіп, монтаждалған видеолар салып, түрлі алып-қашпа әңгіме таратқанға ұқсайды. Анығы, Маңғыстаудан басталған бейбіт шеру кезінде Қайрат Нұртас дауға қалған еді. Rixos Aktau қонақ үйінде концерт берген әншінің жолын бір топ азамат жауып, тосқауыл жасауға тырысқан. Белгісіз жігіттер қалада шеру болып жатқанда оның көлігін өткізбей қойған. Қайраттың анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова орын алған келеңсіз жәйттерге қатысты түсініктеме берді.