«Көбісінің пікірімен менің пікірім сай келе бермейді».
Белгілі композитор, әнші, көпшілікке жақсы таныс «Асыл ана», «Жалғыз досым», «Қош, махаббат», «Махаббат бер маған», «Дайдидау» әндерінің авторы Айгүл Бажанова «Abai TV»-ның «ЗинҺар» бағдарламасында берген сұхбатында өзін «Әншілердің жауы сияқтымын. Өйткені, көбісінің пікірімен менің пікірім қабыспайды. Сондықтан да мені «әншілерді көп сынайды» деп айтады» деді ағынан жарылып. Журналист Қанат Рамазан мәнді де тартымды сұрақтар қойып, кейіпкерін жақсы аша білді. Сол ойлы сұхбаттың оймақтай тұстарын оқырманға қаз-қалпында ұсынып отырмыз.
– «Азияның 20-лығына» кірген «Дайдидау» әнін Димаш Құдайбергенов Қытайда өткен байқауда орындап танымал болды. Одан соң «Махаббат бер маған!» әніңізді алып шықты. Сосын «Ұмытылмас күн» Димаштың өзінің әні. Жалпы, үлкен сахнаға лайықты қазақ әндері аз емес деп ойлаймын. Бірақ, неге аясы тарылып, шеткерекке шыға алмай қала береді көбіне?
– Иә, кейде Димаштың орындауындағы әндерді де олқыссынып жатамын. Мына әндерді орындағанда керемет болар еді деп... Өзімнің пайымдауымда көптеген мықты әндер бар, мысалы. Роза апайымыздың орындаған керемет әндері бар. Қуат Шілдебаевтың әндері музыкалық құрылымы жағынан керемет, гармониясы да өте бай. Керемет әндер бар. Ал не кедергі екенін...
– Бәлкім маркетинг керек шығар...
– Мүмкін. Ол жағын ойланып көрмедім, шынымды айтсам...
– Қытайда өткен ән байқауында Димаш сіздің әніңізді орындағанда «Екі күн бойы көзімнен жас аға берді, аға берді. Түйсігімнің не айтқысы келгенін де аңғармадым. Тек селқос жата бердім. Жылай бердім» депсіз. Сізді мұңайтқан не нәрсе?
– Енді ол кездегі сезімге қазір жауап бере алмаймын ғой. Ол кезде сол сезімді бастан кешірдім де, өтіп кетті. Ол кезде ол сұраққа жауап іздеген жоқпын. Ал қазіргі жағдайым, сезімім басқа. Дәл сол кездегі сезімге жауап бере алмаймын. Бәлкім, «Менің әнім бүткіл әлемге естіліп жатыр» деген сияқты мақтаныш сезімі шығар. Мүмкін ән шыққан кездегі көңіл-күйім қайталанған шығар.
– Газетке берген сұхбатыңызда «Димашапен шығармашылық байланыс ары қарай жалғасуы мүмкін» деген сияқты айтып қалдыңыз. Сол жалғаспай қалған сияқты ма?
– Жалпы бізде негізі шығармашылық байланыс жоқ.Ақын мен сазгердің, сазгер мен әншінің арасында ізденіс аз. Көбінесе әншілер маған «Айеке, әніңізді алсақ, айтсақ» дейді де, «Иә, тыңдаңдар, үйге келіңдер» десем, «Ватсаппен жібере салыңызшы» дейді. Маған сол нәрсе ұнамайды. Менің не айтқым келгенін, әннің көңіл-күйін, менің сезінгенімді ол да сезінуі керек. Сосын ол өзіндегісін қосып, қайтадан жаңа ән қылып шығарады. Жалаң тыңдай салады да, студияға барып жаздыра салады. Ол әнде ешқандай энергетика болмайды.
– Сіз әншінің де өз қосары бар дейсіз ғой?..
– Егер ол нағыз әнші болса қосатыны болуы керек.
– Музыканттар арасында «Әнші де соавтор» деген сөз бар ғой. Бізде сондай әншілер аз ба, көп пе?
– Ондай әншілер аз-ау, негізі. Әншілер қауымы ренжімесін. Мен бір әншілердің жауы сияқтымын. Өйткені, әнге, әншіге, өнерге деген менің көзқарасым бөлектеу де. Көбісінің пікірімен менің пікірім сай келе бермейді. Сондықтан да мені «әншілерді көп сынайды» деп айтады.
«Менің әнші болғым келіп еді, қалай әнші болсам болады?» деген сұрақтар болады. Менің ойымша, сен не әнші болып туасың, не әншісің, не әнші емессің. Орта жолдан әнші боп кетеді дегенге өз басым сенбеймін. Әндерді жаздыра салып әнші болып кету деген маған қызық көрінеді. Дұрыс емес нәрсе ғой. «Әнші болсам, арманым сахнада ән салу» дегенді де естідік. Сондайда мен «Сіз неден ләззат аласыз? Ән айтып, сізді елдің қолпаштағанынан ба, жоқ өзіңіз жекеән айтып отырып содан ләззат аласыз ба?» десем, көбісі ажырата алмайды. Сөйтсем, көбісіне ықылас, құрмет-қошамет керек екен. Ол негізі басқа нәрсе ғой. Ал әншілік бөлек. Әншісің бе, домбыраңды ал да, таудың етегіне бар да ән айт. Терлеп, жан-дүниеңмен егіліп, езіліп ән айт. Бүкіл әнмен қабысып кет. Әнші деген осы. Ал енді ықылас, қошамет күту нағыз әншіге тән емес деп ойлаймын.
– Сіздің ұғымыңызда ән деген не? Әнді қалай сипаттар едіңіз?
– Әнді энергияның бір түрі деп ойлаймын. Қазір бәрі қолданатын терминге айналды ғой. Сосын адамның айтқысы келген нәрсесін, жан дүниесін жеткізудің бір түрі. Медитация сияқты нәрсе ғой. Музыка деген әдемі ғой. Бір оқиғаны құр сөзбен жеткізе алмайсың. Соны әнге қосып әнмен жеткізсең адамға басқалай әсер етеді, - деді Айгүл Бажанова.