«Ертеңіне есінде ештеңе қалмайды».
Белгілі эстрада әншісі Жазира Байырбекова инстапарақшасында анасын кішкентай сәби сияқты қабылдап үйренгенін жазды. Ол анасының альцгеймер ауруына шалдыққаны туралы бұған дейін жақ ашқан емес-ті.
«Анам бізбен кездескенде қатты қуанады. Ертеңіне есінде ештеңе қалмайды. Тіпті сол күні бір-екі сағаттан кейін ұмытып қалуы мүмкін. Әзірге 1 минут болса да қуана алатын жағдайы барына шүкір!
Бұл да бізге беріп отырған Алланың мүмкіндігі ғой.
#Альцгеймер диагнозымен ауырса да аузынан тек жақсы сөз шығады. Адамдарға тілек айтып,бата беріп,бетінен құшақтап сүйе бергісі келе береді.
Жүрегі мейірімге толы адам қандай жағдайда да мейірімділігін жоғалтпайды екен ғой.
Анашым, бізді дүниеге әкеліп,бағып қағып өсіргеніңіз үшін,тоғызымызды, әкемді баптау үшін өнеріңізді тастап үйде болғаныңыз үшін рахмет!
Алланың нұры жауа берсінші сізге! Ата-анаңыз альцгеймер болса намыстанбаңыз. Қабылдап үйреніңіз!» - деді жан сырын ақтарған Жазира.
Ал әншінің оқырмандары анасына денсаулық тілеп, жақсы тілектерін арнауда.
«Анаң текті адам ғой, Жазико. Сендерге бір түйір азабын да, қиналысын да, мұңын да сездірмеймін деп, ақырында жүйкеге зіл түскен де… Аналар осындай болады, ана деген баласы күліп жүруі үшін өзін ойланбай-ақ құрбандыққа шала салатын құдірет қой!», «Ең бастысы анаңыз жаныңызда, оның қандай екені маңызды емес. Аман болсын!», «Құшағы гүлге толсын!» деген сыңайда пікірлерін жазып қалдыруда.