​«Аузынан сүті кетпеген, шала піскен әншілер...»: Мархаба Сәби Мирас Жүгінісовті айыптап жазба жариялады

0
2 485

«Маған, менің шығармашылығыма құрметсіздік танытты»


​«Аузынан сүті кетпеген, шала піскен әншілер...»: Мархаба Сәби Мирас Жүгінісовті айыптап жазба жариялады

Әнші, композитор, ерекше әндерімен ел жүрегін баурап алған Мархаба Сәби ағайынды Жүгінісовтерге, әсіресе отбасындағы ортаншы ұл - Мирас Жүгінісовке өкпелегенін айтты.


«Бүгін мен Мирас Жүгінісовке, жалпы, Жүгінісовтер отбасына деген ренішімді, көңілімнің қалғанын айтқым келіп отыр. Осыған дейін үндемей келдім. Бірақ олар миға қонбайтын нәрселер жасап жатыр. Сондықтан үндемей қала алмадым.


Біз Мирас Жүгінісовпен, Мұрат Қабылов деген тамаша композитор бала үшеуміз 2018-2019-жылдары Мирастың алғашқы шығармашылық жолын бастағанбыз. Мен ол айтқан әндердің сөзін, Мұрат әнін жазды. «Әдетте тәтті-тәтті бәрі басында», «Сүйем, сені сүйем», «Мың есе», «Ол» сияқты әндерді жаздық. Сол кезде мен мәтінді 70 мың теңгеге дейін жаздым. Бірақ мен үшін ақша маңызды емес еді, Мұраттың әндері ұнайтын.


Солай, бір кезеңге дейін жақсы жұмыс істедік. Бірақ атақ келіп, жұлдыз бола бастағасын Мирастың бойынан бір өзгеріс байқадым. Көкірегін көрдім. Сосын мен оған «Осы жерден тоқтата қояйық, мен саған енді текст жазбаймын. Бірақ мен қызғаншақ адам емеспін, осы уаққа дейін жазған әндерді айта бер, халыққа тарап кетті, қызығын көре ғой» дедім.


Арада біраз уақыт өткенде Мұрат Қабыловтың өзі хабарласып, «мен өз шығармашылығымды бастап жатыр едім, бір-екі жаңа әніме мәтін жазып бере аласың ба» деп сұрады. «Өзің айтатын болсаң жазайын, бірақ Мирасқа берме» деп ескерткем. Солай «Сен туралы ғажайып, шытырман толы роман жазғым келеді» деген кеңінен таралған әнді және «Уақыт» деген әнді Мұраттың өзіне жазып бердім. Бірақ оны неге екенін білмеймін, Мұрат емес, Мирас айтып шықты. Менің рұқсатымсыз, ешқандай ескертусіз жариялап шығарды. Оған қоса менің атымды автор ретінде еш жерде көрсетпей шығарып жіберді» деді Мархаба Сәби.


Композитордың ашуына тиген соңғы жағдай - «Қазақстан дауысы» жобасында Мұхамедәлі Жүгінісовтің «Уақыт» әнін орындап шығуы. Мархаба Сәби ол жерде де өз атының автор ретінде көрсетілмегеніне ашулы.


«Уақыт» деген әнге композитор деп Мұрат Қабылов деп жазылыпты, сөзіне басқа адамды белгілеп қойыпты. Мен өз атымды таба алмадым. Жалпы, осы жағдайды түсінбей отырмын. «Уақыт» деген ән мен үшін ерекше туынды, 2019-жылы шыққан, нағыз карантин кезінде жазғам. Уақыттың қадірін, елдегі жағдайды ерекше түсініп, тебіреніп шығарғанмын. Ал бұл балалар қазір атақ қуып, ақша үшін бәрін істеп жатыр. Әннің қадіріне жетпей отыр. Авторға деген құрметсіздік танытты. Аузынан сүті кетпеген, жас, шала піскен балалардан көңілім қалды.


Мен, мысалы, Роза Рымбаеваға да бір текст жазып бергем. Ол кісі әр концертінде менің атымды атап айтып, құрметін білдіріп тұрады. Мен мұны мәдениеттілігі, білімділігі, адамның еңбегін бағалауы деп білем. Ал мына Мирас Жүгінісовтің тірлігін түсіне алмадым» деді Мархаба Сәби.


Әншінің тыңдармандары да болған жағдайға өз пікірлерін жазды. «Біреудің ақыл-ой еңбегіне қол салу – обалына қалу. Ұят тірлік жасапты», «Осы әндердің сөздерін қай ақын жазды деп жүр едім, сіз екенсіз ғой, авторлық құқық бойынша сотқа беріңіз», «Не деген талантсыз?! Мирастың танымал болуына 100 пайыз сіз үлес қосыпсыз ғой», «Жарқырағанның бәрі алтын емес екен ғой» деді көпшілік.