"Бақытты болудың жолы - менің сабағыма қатысу": Индира Расылхан да оқырмандарына тренинг өте бастады

0
5 131

"Бақытты болуға уақытыңыз жоқ па? Мен осыны түсінбеймін", - дейді әнші.


Соңғы кезде шоу-бизнестегі біраз жұлдыз тренинг пен семинар өткізіп, ұстаз болып кетті. Әрине, өз салалары бойынша ұстаз болса әбестік көрмейміз-ау. Бірақ олардың басым бөлігі "Бақытты болуды үйретемін" деп ұрандатып кетті.

Бұл жағдай көп көрерменнің ызасын да келтірді. Сол тренерлердің қатарын Индира Расылхан толықтырып, өз тыңдармандарын тегін оқуға шақыруда. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.

"Өмірдің орта жолына келіп, өз орныңызды әлі де таппағаныңызды түсінсеңіз, не істейсіз? Өмірден рахат алып, еркін тыныстауымызға, бақытты өмір сүруімізге не кедергі? Бұлардың шешімін менің ТЕГІН ВЕБИНАРЫМДА бірге табатын боламыз. Бақыттың кілті өз қолыңызда, дегенмен, сізде екі жол бар.
Біріншісі:
Маған осы да жетеді, өмірім и так нормально,- деп өтіп кете беру.

Екіншісі:
Жоқ, мен бақытты өмірге, байлыққа лайықтымын, - деген нақты шешім қабылдап, ТЕП-ТЕГІН ВЕБИНАРЫМА жазылу", -
дейді әнші.

Осылай деген әнші жазбасына жазылатын пікірлерді бұғаттап тастапты. Бәлкім оқырманының теріс сындарын естігісі келмеген болар?!

Десе де әнші «Бақытсыздық лабиринтінен шығудың 4 қадамы» атты тегін сабағын өзге парақшада өткізген. Оған 400 аса оқырман қатысып, түрлі пікірлерін қалдырыпты.