«Бір-біріңізді сынақсыз жақсы көріңіз»
Актер Рүстем Жаныаманов пен жұбайы, актриса Жанаргүл Жаныаманова «Қызықты уикенд» бағдарламасына сұхбат беріп, отбасылық тыныс-тіршілігі жөнінде айтты. Өнерлі жұп үш ұл тәрбиелеп отыр.
«Балаларымның аттарын өзім қоям деп шештім. Оған мамам да, Жанар да қарсылық білдірген жоқ. «Өзің біл, бала сенікі» деді. Бірақ тұңғышымызға ат қоярда кәдімгідей мәслихат құрдық. Әркім өз нұсқасын айтты. Сөйтіп жүргенде Жанардың Семейде имам боп істейтін атасы түс көріп, оған аян беріліпті. Ол кісі Жанаргүлдің аяғы ауыр екенін білмейді. Сөйте тұра хабарласып, «Ұл бала дүниеге келеді, атын Нұрмұхамед деп қойыңдар» деді. Бірақ біз оны тыңдамай, әжесі Дінасыл деп атын қойды», - деді Рүстем Жаныаманов.
Алайда тұңғыш ұлдары жиі ауырып қала бергендіктен Жанаргүл Жаныаманова астрологтың көмегіне жүгініпті.
«Астролог бірден «Мына баланың есімі өзінікі емес» деді. Содан кейін мен ол кісіге бірнеше есім айтып едім, «бұл баланың есімі басқа» деп жауап берді. Сол кезде ғана атамның аяны есіме түсті. «Нұрмұхамед деген есімді көріңізші» деп жіберіп едім, «Осы есім тура келеді, сәйкес келіп тұр» деп айтты. Содан кейін қайтадан Азан шақырып, атын Нұрмұхамед деп өзгерттік. Құжаттарын да басынан жасаттық», - деді Жанаргүл Жаныаманова.
Ерлі-зайыптылар тұңғышы дертке шалдыққанда өнерден алыстап кеткендерін айтты.
«Амал жоқ, солай істеуге тура келді. Бірақ енді, әуелі Құдай, сосын өзіміз әрекет жасап, баламызды емдеп алдық. Зейінімізді тек сол балаға бұрдық. Бір-бірімізге сөз жәрдемін беріп, қолдап, күш бере отырып осы дертті бес жыл дегенде жеңіп шықтық.
Оңай болған жоқ. Мұндай кезде кейбір жігіттер бүкіл жауапкершілікті әйелдің мойнына артып қойып, ізім-қайым жоқ боп кетеді. Ол енді таза сатқындық деп ойлаймын. Қаншалықты сынақ түссе де өзің таңдаған адаммен бірге көтеруі тиіс. Осы дерт басымызға түскенде біздің қарым-қатынасымыз жаңа деңгейге көтерілді. Бір-біріміздің қадірімізді ұғындық, одан сайын жақындаса, қолдай түстік. Ерлі-зайыптылар бір-бірін сынақсыз-ақ түсіне білуі тиіс. Қадірлеу үшін, сезімің күшею үшін дерт, сынақ дегенді күтпеу керек», - деді актер.