«Бәрі әнші боп кетсе, вахтада кім істейді?» : Вахтада жүрген қазақтың Эйконы желіде хит болып жатыр

0
1 864

«Қайдағы бір әншісымақтарды қолдағанша, осы кісідей таланттарды қолдаса ғой, шіркін!»


«Бәрі әнші боп кетсе, вахтада кім істейді?» : Вахтада жүрген қазақтың Эйконы желіде хит болып жатыр

TikTok-та шетелдік әндерді орындаған қазақстандық Эйкон Желі қолданушыларын тәнті етті.

TikTok-та тараған видеода ер адам әнші Akon-ның Smack that атты өлеңін орындап жатқаны көрсетілген. Бес күн бұрын жарияланған видеоны 2,6 миллион адам көріп, 270 мыңға жуық лайк басып, 7 222 адам пікір жазған.


"Керемет қой!", "Талант бар, таныс жоқ қой", "Қазақстанның продюсерлері, қайдасыңдар? Осындайда таппай қаласың ғой", "Таза Эйконсың ғой, бауырым, вахтада не істеп жүрсің?" - деп жазды желі қолданушылары.

Бұл туралы белсенді блогер Батыр өз парақшасында жариялады. Видеодағы өнерпаз - Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасы Олжас Молдабеков, жасы 30-да. Бүгінде ол "ТеңізШевройл" компаниясында жұмыс істейді.

"Әкем өнерге жақын. Әкемнен дарыған өнер деп ойлаймын. Бала күнімде 1996 жылы "Әнші балапан" республикалық байқауына қатысқанмын. Одан кейін мектептегі түрлі шараға қатысатынмын. Мен "Әнші балапан" байқауына қатысқан жылы журналист Анна Данченко, марқұм әнші Наби Аймұратов қатысқан. Мен ол кезде кішкентаймын. Байқауда лауреат атандым, бірінші орынға жақын. Музыкалық білімім жоқ", - дейді Олжас.

Арасында Олжас мектептегі кішігірім хорда мүше болған. Облыстық, аудандық байқауларда жүлделі орындар алып жүрген. Ол неліктен өнер жолын таңдамағанын түсіндірді.

"Өнер жолын жалғастырмауыма түрлі себеп болды. Үйде жалғыз ұлмын, менің алдымда екі әпкем бар. Музыкалық бағытта оқығым келді, бірақ энергетика саласына түсіп кеттім", - дейді ол.

Алайда Олжас жақын арада жеке әні шығып қалуы мүмкін екенін айтып қалды.

"Егер өнер жолына түсу туралы нақты ұсыныс болса ойланамын. Бүгінде таныс музыканттармен сөйлесіп жатырмыз. Жақын арада жеке ән шығарсақ па деген ой туып жатыр. Ауылға барғаннан кейін соны қолға аламын. Ауылда ақша табу мақсатында тойға шықпаймын. Жалпы той-томалақта өнер көрсетпеймін, тек туыс, жақындардың арасында. Оқырмандарыма айтарым тек алғыс. Жақсы жаңалықтар болады, қолдау білдірсе", - дейді өнерпаз.

Айта кету керек, Олжастың видеосы желіде кеңінен таралғаны сол екен, ол бүгін ғана Еуразия арнасындағы «Көреміз» бағдарламасына қонақ ретінде қатысты.