«Қалтаңа қарап көсілу керек»
Әнші Бүркіт пен оның әйелі Аиша көпшілікті несие алмауға, қарызсыз өмір сүруге шақырды. Өнерлі жұп несиеге көлік алып мінетін адамдарды түсінбейтінін айтты.
«...Автосалонға кірдік қой. Бес-алты менеджер қаламдарын қайрап отыр. «Келесі кезек кімдікі» деп. Сол жерде жүргендердің 80 пайызы несиеге көлік алып жатыр. Оның үстемақысы деген сұмдық енді. Адамдар қалай қарызға өмір сүре береді? Бұл дұрыс емес, арты жақсы болмайды. Адамдар қалтасында қанша ақша бар, соған келетін көлік алып, айдап жүре бермей ме? Түсінбеймін. Қалтаңа қарап көсілу керек, қарызға батсаң ұйқың тыныш болмайды.
Мейлі, несиеге көлікті аларсың, бірақ ертең оны соғып алсаң не болады? Көлік жоқ, бірақ несиесін төлеуге міндетті боп қаласың. Банк сенің жағдайыңды түсінбейді. «Апатқа ұшырапты ғой, істетіп алған соң төлейді» демейді, ешқашан. Қалтаңда бар ақшаңа сай өмір сүру керек. Халықтың қарызға батып, несие үстіне несие алып жүргеніне «Инстаграм» да кінәлі» деді Бүркіт.
Оның бұл пікіріне әйелі де өз ойын қосты.
«Ел ішінде «ең алдымен өртті, сосын қарызды, сосын барып жарықты сөндіру керек» деген сөз бар. Яғни адамның қарызы жанып жатқан өртпен тең екен» деді Аиша.
Алайда өнерлі жұптың оқырмандары бұл пікірмен келіспейтінін білдірді. "Сендер алдымен қарапайым халық сияқты өмір сүріп көріңдер, сонда бұлай сайрамас едіңдер. "Тоқ бала аш баламен ойнамайды" дегендей болды ғой мына сөздерің", "Бұлар интернетте әдемі өмірін көрсетіп, мақтанады. Ал кедейлер соған жетудің жолында кредит алады", "Көлікті айтасың, халық азық-түлікті несиеге алып жеп отыр, айналайын!", "Дұрыс айтып отыр, халықтың жағдайы қиын қазір. Соны жоғарыда отырғандар түсінсе ғой" деп жазды желі қолданушылары.