«Әркімнің сағынышы өз ішінде...»
Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Мөлдір Мұқанова анасына жантебірентерлік ән арнады. Өнер иесі небәрі 45 жасында өмірден өткен анасын сағынышпен еске алды.
«Анамның ғұмыры қысқа болғанымен, алты баласының жүрегіндегі өмірі ұзақ. Анамның күліп отырып жылап қоятын, жылап отырып күле салатыны есімде. Түсінбей қарап отыратын едім жүзіне. Сөйтсем, есейгенде өзің де сондай болып кетед екенсің ғой. «Анам да өз анасын сағынған-ау» деп қазір көп ойлаймын. Ана туралы ән болсын, әңгіме болсын, анам толқып отырушы еді.
Әркімнің сағынышы өз ішінде ғой. Біз де, бауырлар жинала қалсақ, көз жанарымыз жасқа да толатын кездер көп, анамыз небәрі 45 жасында өмірден озды. Фотолары да аз. Жақында бір іс-шара болғалы жатыр еді, бар фото видеоларды ақтарып отырып, жүрегім толқып, тамағыма жас тығылып отыр. «Мама, мен сені жақсы көремін» деп айтқым келеді, құшақтап, кеудесіне басымды қойып, құшағында отырып “Мама, мен сені жақсы көремін” деп анамның өзіне айтқым келеді. Анамды сағындым…» деп жазба қалдырды Мөлдір Мұқанова.
Тұрсынбек Қабатовтың жан жары әнші Кеңес Әлімжанның репертуарындағы «Бозторғай ана» әнін тебіреніспен орындап, оқырмандарының ықыласына ие болды.
«Осы әнші студиямда бір күліп, төрт жылап отырып айттыңыз ғой. Біз де білдіртпей толқып отырдық. Алла өздеріңізге ұзақ ғұмыр берсін», «Жүрекпен айттыңыз, жүрегімізге жетті», «Анасы бар адамдар неткен бақытты», «Анаңыздың рухы пейіште шалқысын» деп тілек білдірді желі қолданушылары.