​«Бүтін жүректің екіге айырылғанына бір жыл болды»: Ләйлә Сұлтанқызы күйеуінің жылдық асын өткізді

0
10 198

«Менің жай-күйімді тағдырластарым ғана түсінеді»


​«Бүтін жүректің екіге айырылғанына бір жыл болды»: Ләйлә Сұлтанқызы күйеуінің жылдық асын өткізді


Белгілі журналист, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы күйеуі Қайрат Беркінбаевтың жылдық асын берді.


«Уақыт, не деген жүйрік едің, ағын судай... Бүтін жүректің екіге айырылғанына, қабырғамның қайысып, асқар таудың шағылғанына да бір жыл болды.


Жүректегі сезімді, кеудедегі қобалжуды жеткізу мүмкін емес. Менің жай-күйімді тағдырластарым ғана түсінер... Қайрекеңнің жылдық асын бүгін беру бұйырыпты. Алыс-жақыннан жиналған ағайын-туыс, құрбы-құрдас, әріптестеріміздің қолдауына, көңілдеріне алғыс айтамын.


Қамшының сабындай қысқа ғұмырда бір-бірімізбен сйласып қана өтуді жазсын. Барымызды, бақытымызды бағалайық» деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.


Кәсіпкер, меценат, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің басшысы болған Қайрат Беркінбаевтың жылдық асына кезінде бірнеше облысты басқарған Болат Жылқышиев, композитор Төлеген Мұхамеджанов, Шымкенттің бұрынғы әкімі Мұрат Әйтенов, Нұрлан Имам, сондай-ақ ақпарат саласының қызметкерлері, өнер жұлдыздары келіп, естеліктерін айтты.


«Отбасының иесі, темірқазықтың құлауы – әулеттің құлауына алып келмеуі керек. Шырылдап жүріп, ағайынның басын қоссам деп шапқылаған адам өмірден өткенде, артында қалған үрім-бұтақтары жан-жаққа кетіп қалмауы керек. Бұл біздің сол адамның алдындағы ең басты құндылығымыз, парызымыз» деді Нұрлан имам.


Айта кетейік, Ләйлә Сұлтанқызы Қайрат Беркінбаевтың екінші әйелі. Ортақ екі ұлы бар. Қайрат Беркінбаев былтыр, 6-қарашада жүрек талмасынан қайтыс болған.