«Неге мен оны жасыруым керек?»
Әнші Мақпал Исабекова өзіне қатысты ел арасында тарап жатқан қауесетке жауап берді. Қалың көпшілік өнер иесінің некеден тыс екі баласы бар екенін болжап жазуда. Оқырмандардың хаттары толастамағаннан соң, әртіс бұл әңгімелерге нүктені өзі қоюды шешкен.
Әнші желі қолданушылары жолдаған сұрақтарға Instagram парақшасында жауап берген. Оқырмандардың айтуынша, Исабекова екі баласы бар екенін өз сұхбатында айтқан. Әнші бұл жағдайды түсіндіруге тырысты. "Бұндай өсек-әңгімелерді доғарайық. Біріншіден, мен берген сұхбатымды, әрине ұмытқан емеспін. Есімнен адасқан жоқпын, Аллаға шүкір. Өзің туралы қандай өсек естіп едің деген сұраққа жауабым болған: Мәскеуде туған екі ұлым бар деп. Жалған ақпаратты елге таратып, маған мойындатпас бұрын, анығын нақты білген абзал болар, өздеріңізді екі ортада өсекші қылмай", – деді Исабекова.
Сондай-ақ өнер иесі осы уақытқа дейін балалы болған жағдайда да оны елден жасырмайтынын ескертті.
"Екіншіден, осы күнге дейін балаларым болса, неге мен оны жасыруым керек? Мен біреуге тәуелді емеспін, 19 жасымнан бастап адал еңбегіммен өз күнімді өзім көріп жүрген адаммын. Тұрмысқа шықпай жатып тусам да, ешкімнің алдында есеп беруге міндетті емеспін. Менің балаға деген көзқарасым мүмкін көбісіне жат болып көрінетін шығар, бірақ мен еш уақытта біреудің сөзіне, пікіріне еріп, өмір сүрген емеспін. Мен үшін бір Алла сыншы. Алла маған бала беріп жатса, оны тек маған ұсынған сыйы деп қабылдар едім", – деді ол.