«Көкбеттігім жоқ, дымымды шығармаймын»
Белгілі актриса, кинопродюсер Дариға Бадықованың денсаулығы сыр берген. Өнер иесі емделіп жүргенін әлеуметтік желідегі парақшасында жария етті.
«Папам марқұм ауырып қиналса да бір қабақ шытпайтын, күліп отыратын. Менің көп тұсым папама ұқсайды. Бәріне сабырмен қарайтыным, әрдайым әрекетте жүретінім, қиыншылық болса, қасқайып қарсы тұратыным, көпшілдігім... Мен қара аспанды төндірмеймін, «енді не істеймін» деп қол қусырып отырмаймын. Тек Құдайдың бергеніне өмір сүремін. Папам да біреуге тәуелді болғанды ұнатпайтын. Өзіме қарап папам есіме түсті.
Ал мамам «қой, сен маған ұқсайсың» дейді. Іштей келіспеймін ғой. Мамам жан-жағындағыларды қырады, бәрімізге айғайлайды. Мен ауырып, жұмысымда шешілмей жатқан дүниелер болса да дымымды шығармаймын. Көкбеттігім жоқ. Тез әрекетке көшіп алып, ары қарай жүре берем», - деді ол.
Актриса сондай-ақ, әлеуметтік желіде лайк, пікір жинау үшін жеке өмірін талқыға салатындардың іс-әрекетін сынға алды.
«Букет диагноз» болса да, «қойшы, мен осылай ауырам ба?» дедім. Айтайын дегенім, кейде ел аман, жұрт тыныш болса да қиын емес дүниелерді қиындатып жібердік. Кей адамдарға жер басып жүру де міндет болды. Тым көкіп, кесірленбейік. Әртүрлі коучтарды тыңдап құтырмайық.
Сосын, әріптестерім, тауыққа тары шашқандай жеке өмірлеріңді айта бермеңдерші. Өлдік, талдық деп. Өлесіңдер ме, контент үшін. Соғыс кезіндегідей ата-апаларымыз сияқты қиналған жоқ шығармыз, шүкір! Құдай екі аяқты көктен келтіргенде майдың парады болады. Әлеуметтік желіде досыңнан дұшпаның көп. Әр коучқа азық болмай!» - деді Дариға Бадықова.