«Менімен селфи жасайтындай ол кім соншама?!»: Роза Рымбаева суретке түскіш көрермен туралы айтты

0
5 354

«Мені сыйламайтын адамға «Ары тұр!» деп айтамын».


«Менімен селфи жасайтындай ол кім соншама?!»: Роза Рымбаева суретке түскіш көрермен туралы айтты

Қазақстанның халық әртісі, қайталанбас талант иесі Роза Рымбаева блогер Тимур Балымбетовке берген сұхбатында өз өміріндегі, өнеріндегі қызықтармен бөлісті. Әрі еліміздегі, тіпті өзіне қатысты хайп жаңалықтарға көзқарасын айтты.

Роза Қуанышқызы екі жыл карантин уақытында да шығармашылығын тоқтатпапты. 20-ға жуық жаңа ән жазыпты.

Ковидтің бәрін басымыздан өткіздік. Аллаға шүкір, қалыпқа келіп жатырмыз. Қатарынан 3 альбом жазып тастадық. Екі балам үлкен оркестермен жазайық деді. Бұрынғы әндерді қайта жазып жатырмыз.

Қазан айында 47 жылдық шығармашылық кешімді беруді жоспарлап отырмын. Кез келген концерт мен үшін ерекше мереке. Тек жанды дауыста айтамын. Алматыда концерт бермегеніме 7 жыл болды. Арасы тым ұзақ болып кетті. Әкімнен қолдау сұрадым. Менің концертімнің форматы міндетті түрде үлкен оркестр, балет, декорациялар, режиссерлік қойылымдар, 70-80 пайызы жаңа репертуар... Сондықтан, бұл жәй ғана үйреншікті концерт емес. Қазіргі көрерменге «концерт деген осылай болу керек» деп үлгі болу керек деп есептеймін. Әйтпесе, қазір мр 3-ге үйреніп алды ғой, - деді.

Өнер иесі Айгүл Елшібаевмен дуэт айтып, «Ақтолғай» деген көне әнді жаңаша өңдеуде жазып шыққан.

«Біздің көрермен жанды дауыс пен жасанды концерттерді ажыратып үйренді ме?» деген сауалға ойын былай білдірді:

Көбі ажырата алады. Десек те, фонограммаға үйреніп алған көбісі. Кейінгі 30 жылда барлығы дерлік сондай концертке үйреніп алды. Ал жанды дауыста тек 1-2-еуі ғана бере алады, - деп ашығын айтты.

Сонымен қатар Дінмұхамед Қонаевтың шаңырағында болғанын да еске алды.

«Әлиіме 6 ай болған еді. Үйде отырмын. «Тез, баруыңыз керек» деген бұйрық келді. Дінмұхамед Ахметұлының үйіне бардым. Әнімді шырқадым. Бірақ, ешкім ешнәрсені түсіндіріп айтпады», - дейді әнші.

Сұхбат барысында Роза Рымбаева егемен Қазақстаннан ешқандай құрмет, атақ алмағанын да жасырмады. «Алған атақтарымның бәрі Кеңес одағының кезінде берілгендер. Соны естіген болуы керек әрі шығармашылығыма оң көзбен қарайтын болуы керек, Президент Қ.Тоқаев «Еңбек ері» деген атақты берді», - дейді өзі.

Атақ туралы ойын әнші әрі қарай былай сабақтады: «Бір кезде 20-30 әншіге бірден бере салды ғой. Халық атағыңа қарамайды. Біз Кеңес одағының кезінде түрлі деңгейдегі конкурстардан жеңіп келгеннен кейін ғана, жыл бойы гастрольдетіп жүргенде ғана берілетін. Атаққа сәйкес болуға, сол деңгейді ұстап тұру үшін еңбек ету керек», - деді.

Соңғы бір-екі жылда Роза Рымбаева десе, бірнеше жағымсыз инфосебеп болды. Солардың ең үлкені Иманбекке қатысты. Тарап кетті. Ұнатпағандар өте көп болды. Сол үшін ұлдары Әли мен Мәдиді де жерден алып, жерге салғандар жетерлік. Соған қарамастан Роза Қуанышқызы Иманбекпен заманауи клуб стилінде «Наурыз думан» әнін бірге жазып орындапты. «Шынымды айтсам, ол баланы танымаймын. Музыкасын тыңдағанда кәсіби пікірімді айтқанмын. «Кока кола» фирмасының ұсынысы болды. Жан жақты ұсыныс болғаннан кейін клубный ән жаздық. Ал ұлдарымның екеуі де кішкентайынан «Роза Рымбаеваның баласы ғой, үнемі сүйреп келе жатыр» деген сияқты пікірлерге еті үйреніп кеткен. Мен әрқашанда кәсіби пікірімді айтамын. Ал оған балаларымның қандай қатысы бар. Демек, көрерменнің деңгейі солай болып тұр ғой», - деп төтесінен қойды.

Тағы бір инфосебептің бірі Семейде ашық аспан астында ән айтып жатқанда бір көрерменді ысырып, түсуін өтінгені еді.

Көрермен әртісті сыйламады. Мен мыңдаған көрерменнің алдында ән айтып тұрғанда ол өз шаруасын істеп жатыр. Ал Рымбаеның сахнада тұрғаны, жұмыс істеп тұрғаны бәрібір. Біздің көрермен сондайларды қолдап кететіні өкінішті. Әнші сахнада тұрғанда суретке түсу мәдениеттің төмендігі. Кейінгі 30 жылдықта еркіндік келді. Фонограмма келді. Соның арқасында жұлдыздар көбейіп кетті. Әншілерде де, көрерменде де «Не істегім келсе, соны істеймін» деген сияқты еркіндік пайда болды. Саннан гөрі, сапаға жұмыс істейтін шығармыз деп үмітімді үзбеймін. Мені сыйламайтын адамға «Ары тұр!» деп айтамын. Мыңдаған көрерменнің алдында мені сыйламай, селфи жасап жатыр. Менімен селфи жасайтындай кім ол соншама?!Айқайлаған жоқпын, итерген жоқпын. Оған үндемесең, екінші, үшінші көрермендер шығып, таптайды. Бұрын күзет деген тұрушы еді. Еркіндіктің де шегі болуы керек қой. Біз содан айырылдық. Әншіге боқтап, айғайлап та кетеді.

Осыған ұқсас жағдайлар болып тұрады. Бассейннен шығып, шашым су-су тұрған болатынмын. Суретке түсейік деп қоймайды. «Мен мына түріммен суретке түспеймін. Шашым су. Формада емеспін» деп едім, ана кісі көзін алартып, ішінен неше түрлі сөз айтып кетті ғой. Еріккен адамдар сондай әңгіме айтады. Өкінішке қарай мәдениет деген төмендеп кетті», - деді әнші.

Роза Рымбаева туралы ұлы Әли Оқапов жаңа фильм түсіріп жатыр. «Бұл фильмде музыка да, драма да, лирика да болады. Тасқын екеуміздің өнерге, өмірге алғашқы қадамдарымыз сипатталады. Ол кезде біздің үйіміз де, көлігіміз де жоқ. Енді ғана бастап келе жатқан әртістерміз», - дейді.

Әнші сұхбат соңында тек екі баласы үшін өмір сүретінін, қазіргі өмірі – тек балаларға арналған өмір екенін ашық айтты.

«Екі балам үшін өмір сүремін, еңбек етемін, соларға жағдай жасаймын. Роза – ең бірінші ана, екі баланың тірегі. Әншілік менің кәсіби мамандығым. Жұмыстан ерекше бақытты болған әншімін. Бұл есірткі сияқты. Халық сыйлайды, құрметтейді. Менімен көптеген елдегі және шетелдегі оркестрлер жұмыс істегісі келеді. Не істесем де, екі балам үшін жасаймын. Бұлар әлі жас. Екеуін көтеру үшін тағы 20 жыл еңбек етуім керек. Сондықан «Мен» деген нәрсе жоқ. Бастысы солар үшін өмір сүріп, соларды бақытты қылу. Қиындықтың бәрін жеңе білу керек. Бұл өмір ғой. Өзіңді ғана ойласаң депрессияға түсіп кете бересің. Екі бала не болады? Мен балаларым үшін әке де, шеше де, пана да, тірекпін де», - деп сөзін түйіндеді Роза Қуанышқызы.