"Сәбитті ауыстыруға қандай себеп бар": Театр әртістері шу көтерді

0
1 482

Өнер ұжымы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен жүзбе-жүз кездесуді талап етіп отыр.


ERNUR.KZ. Алматыда Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері директор Сәбит Әбдіхалықовты орнынан алуына қарсы. Мұнда соңғы бес жылда үш рет басшы ауысыпты. Әбдіхалықовтың да әкемтеатрдың директоры болып тағайындалғанына небәрі бір жыл. Әртістердің айтуынша, Мәдениет министрі енді оны қызметінен алмақ, деп жазады ktk.kz.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістерінен маза қашқан. Айтуларынша, «өнер ордасының басшысы Сәбит Әбдіхалықов ауысады» деген сыбыс шыққалы ешкімнің жұмыс істеуге құлқы жоқ.

"Сәбитті ауыстыруға қандай себеп бар? Соны бізге айтыңыздаршы? Ауыстырады деп естіп жатырмыз. Ол кісі бірдеңе жеді ме? Ол кісі зейнетке шыға ма? Жоқ! Қандай себеп? Бізге неге айтпайды?" - дейді актриса Рашида Хаджиева.

Соңғы бес жылда әкемтеатрда үш мәрте басшы ауысыпты. Сондықтан көпшілік құзырлы ведомостваның қазіргі директорды қызметінен алу туралы идеясын қолдамайды.

"Тағы бір бастық келіп, тағы талан-таражға салса, не боламыз? Біз театрда әр бастықтың жағдайын ойлап, әркімнің көңіліне қарап жүргенде, өнер қайда қалады? Сәбит – керемет менеджер. Көрерменімізді қайтарды, ақшамызды қайтарды" - дейді актриса Нұржан Бексұлтанова.

Ұжымдағылар Сәбит Әбдіхалықовтың жұмысына разы. Бір жылда жаңа қойылымдар мен көрермен көбейген. Сәйкесінше, кассадағы табыс молайыпты. Ең бастысы, театрдың талай жылғы қордаланған 10 млн-нан аса қарызы толық өтелген. Қазір театрдың басшысы ауруханада. Жүрегіне бірнеше рет ота жасалып, шетелде ем алып жатыр екен. Ал оның орынбасары вице-министр қысым жасағанын айтады.

"Министрдің атынан Дәуешов мырзаның өзі маған «арыз жазып, өз еркіңмен кетіңдер» деп жазып жатыр" - дейді М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының орынбасары Әлібек Әмірсейітов.

"Бізде бір қиындық – «астыртын ойындарымен айналыспасын», мәдениет министрі. Мына жаңадан келіп жатқан балаларымыз бізде тұратын орны жоқ. Аш-жалаңаш жүреді, таңнан келеді, биі бар, вокалы бар. 12 сағат жұмыс істейді"- дейді ҚР Халық әртісі, Гүлнәр Жақыпова

Жаңа жылдан бастап әртістерге түрлі сахна киімін тігіп, сахнаны безендіретін қызметкерлердің жалақысы қысқарған. Осылайша сахна майталмандары министр басшы тағайындаудан гөрі, жастарға жағдай жасап, жалақыны көбейтсе дейді. Ал министрліктің берген жауабы кереғар.

"Бүгінгі күні жұмыстан босату деген бізде ой жоқ. Бірақ жұмыстың тиімділігіне қарай, оның іскерлігіне қарай, ары қарай «бұл жұмысты алып кете ала ма, алып кете алмай ма?» деген мәселе туындауы мүмкін. Сонымен қатар ұжымның пікірі бізге маңызды" - дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова.

Өнер ұжымы театр директорының ауысуына қатысты әңгімені алдағы болатын күрделі жөндеумен байланыстырып отыр. Жаңа маусым аяқталса, әкем театр 2-3 жылға күрделі жөндеуге жабылады екен. «Бұл дегеніміз қыруар ақша», - дейді осындағылар. Сондықтан өнер ұжымы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен жүзбе-жүз кездесуді талап етіп отыр.