«Алаша мен көрпешенің оюын жапсырған киімнің саудасы қызып тұр»
Елге танымал блогер Ырысбала Икрамбай мектептер пен балабақшаларда балаларға ұлттық киім киюді міндеттеген билікті сынға алды.
«Кешеден бері балаларға ұлттық киім іздеп, сабылып жатырмыз. Киімді жалға беретін кісілер қазір «жарты Құдай» боп тұр. Саудасы қызып жатыр. Енді, міне, кеш батып, базар тарқайын деп жатқанда киім іздеп базарға шықтым. Ол жақта не жетіскені қалды екен десейші.
Солар Наурызды тойламай-ақ қойса, біреу бірдеңе дей ме? Сосын, Шымкент, сендер Наурыз тойламай-ақ қойыңдаршы. «Қане, бауырсақ?», «Палау қайда?!» деп тамаққа таласып, ел-жұртқа масқара боласыңдар. Наурызбен дамымай, өркендемей-ақ қойыңдаршы осы. Барымызды ішіп-жеп, үйде отыра берейікші. Айтпақшы, мектеп пен балабақшаға әлі дастархан жаямыз. Соны неге мектеп пен бақшаның басшылығы өз қалталарынан жаймайды?! Ай сайын ақша алып отыр ғой, бір мерекеде балаларға әдемілеп дастархан жайып берсін! Киімді де өздері тіктіріп қойсын!» - деп ашуланды блогер.
Ол сондай-ақ мерекені тойлау үшін бюджеттен бөлінетін ақшаны да тілге тиек етті.
«Ойбай, ұлттық киімді қолдайық», «Ұлттық дәстүрді сіңірейік, үйтейік, бүйтейік» деп бастап алады. Ол біздің, ата-аналардың қалтасына салмақ. «Анаған 1000 теңге, мынаған 2000 теңге» деген нәрсе басталды. Қолдайтын болсаңдар өздерің қолдай беріңдерші, айналайындар! Заң шығарып жатқан кісілер, бізге тиіспеңдер! Көпбалалы әйелдерге өте қиын, қалтаны тесіп жібереді. Сосын, кигізіп жатқан ұлттық киімдерінің түрін көрсең, көрпенің тысы ма, алаша ма, соның өрнегін алып, үйлессін-үйлеспесін жапсырып жатыр. «Ұлттық» деп қояды, базардың бәрі қырғыздардан келіп жатыр.
Осы Наурызға пәленбай миллиардтар бөлінеді. Соған бес-алты киіз үйді тігіп қойып, «тойладық» деп шіренеді. Бір күндік нәрсеге жел боп ұшқан есіл ақша-ай. Соны тойлауға бөлінетін ақшаны қаңғып жүрген қазаққа, қарттар үйіндегі кісілерге беріңдерші. Ауырып, ауруына ем іздеп, оны таппай, шетелде емдету үшін халықтан қайыршы боп ақша сұрап жүрген аналар көп. Соларға бөліңдерші, айналайындар! Бүкіл қазақ қолдар еді...» - деді Ырысбала Икрамбай.