Үйіне келе жатқан Сивидің көлігінің рөлінде сол күні інісі отырған.
Танымал әнші Сиви Махмуди жақында ғана басынан өткен ауыр жол апаты туралы Oybay SHOW бағдарламасында айтып берді.
Қыз ұзату тойынан шығып, үйіне келе жатқан Сивидің көлігінің рөлінде сол күні інісі отырған. Үйінің жанына жеткенде қарсы жолаққа шыққан көлік тура келіп әншінің көлігін қаққан. Салдарынан Сиви Махмуди артқы орындықтан ұшып, көліктің алдыңғы терезесіне барып соғысқан.
"Өте ауыр жағдай болды. Мұндай жол апатынан тірі қалу мүмкін емес еді. Періштелерім қаққан болар. Ойымызда ештеңе жоқ, інім екеуіміз келе жатқанбыз. Рөлде туған інім болды. Ол күні көмекшімді жіберіп, інімді шақырып алдым. Екеуіміз үйге жетіп қалған едік. Ремизовка көшесінің бойында ақырын өз жолымызбен келе жатқанбыз. Кенет, алдымыздан ұшып бір көлік атып шықты. Тура бізге қарай ұшып келе жатты, тап бір әдейі өлтіруге келе жатқандай. Мен түсінбей қалдым, мүмкін бұрылатын шығар, байқаусызда біздің жолымызға түсіп кеткен болар, деп ойланып үлгермейдік, апыр-топыр болып кетті", - дейді сол күнді еске алған әнші.
Сиви Махмуди қатты соққыдан есінен танып қалған. Әнші көлігім қымбат болғаннан кейін аман қалған шығармыз дейді..
"Мен есімнен танып қалдым. Бір уақытта көліктен шығарып жатыр екен. Мен артта отырғанмын. Көліктен шығарып жатқанда ештеңе сезбедім, еш жерім ауырмады. Тек сыртқа шығып шамалы отырғаннан кейін қолымды сезбей қалдым, қатты айқайлап жыладым. Ауруханада иығымның шығып кеткенін айтты. Көлігім спорттық, пәс, оның үстіне ортасында қоршау болғаннан кейін, ұшып кетемін деген ой келмеген екен. Мен артта отырып, алдына қарай баспен емес иықпен ұшып кетіппін. Аллаға шүкір. Ал баспен ұшып түскенімде, білмеймін не боларын. Оның үстіне көлік те қымбат болғаннан кейін темірі қатты болған-ау. Егер де арзандау көлік болғанда тірі қалуымыз екіталай еді", - дейді Сиви Махмуди.
Айта кетейік, осыдан біршама уақыт бұрын әншіның жол апатына түскені туралы хабарлаған болатынбыз.