«Ол өзінің қайғысын ешкімге білдірген жоқ»
Күні кеше продюсер Баян Мақсатқызының 50 жас мерейтойына Ресейден арнайы келген атақты әнші Валерий Меладзенің отбасында қайғылы жағдай орын алыпты. Бұл туралы отандық продюсер Жан Мұқанов жазды.
«Баян Мақсатқызының мерейтойына арналған мерекелік кеште Валерий Меладзе өнер көрсетті. Бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бірақ мен бүгін ол туралы емес, әншінің кәсіби деңгейі жөнінде айтқым келіп отыр.
Тойға келіп, ән айтуына 2 сағат қалғанда Меладзе әкесінің қайтыс болғанын естіпті. Асқар тауынан айырылу кімге оңай тиер дейсің? Бірақ соған қарамастан әртіс өзінің қайғысын ешкімге білдірмей, түк болмағандай өнер көрсетіп шықты. Ол өз командасын да, тыңдармандарын да өз қайғысын айтып, шаршатқан жоқ. Тек «Чужестранец» әнін айтқан кезде көзінде мұң барын байқадым. «Бәлкім жол жүріп келіп, шаршаған шығар» деп ойлағам. Сөйтсем әкесінен айырылған екен. Валерий Меладзе, сіз мықты әртіссіз! Әкеңіздің қазасы қайырлы болсын!» деп жазды Жан Мұқанов.
Айта кетейік, Валерий Меладзенің Алматы қаласында жоспарланған концерттері кейінге шегерілді. Бұл туралы әншінің концертін ұйымдастырушылар хабарлады. «Отбасылық жағдайға байланысты Меладзенің қаңтар айындағы концерттері ақпан айына ауыстырылды: 20-қаңтардан 2-ақпанға, 23-қаңтардан 4-ақпанға және 25-қаңтардан 6- ақпанға шегерілді» деп жазды олар.