Атышулы айтыскер Ринат Заитов "Әзіл әлемі" театрының актерына неге шүйліккен?
Жайдарманнан түлеп ұшып, әзілдің ордасына тап болған шоумен Қанат Әлжаппаров айтысқа шығып бір шулатқаны елдің есінде. Алайда, көптің езуіне күлкі ұялатамын деп өзі күлкіге қалған актер, айтыс жанашырларынан сын естігенін жасырмады. Бұл туралы әзілкеш Хабар арнасындғы "Ережесіз әңгіме" бағдарламасында айтты.
"Айтысқа шыққаным сорақылық болды. Өте ұят болды, бірақ хит болды. Бақытжан Қасымовтың "Хабар" телеарнасымен бірге жасаған жобасы. Қатыс деп қоймады. "Сарамен айтысасың" деді. Таңқалдым. Бақытжан қоймады, өзіміз дайындаймыз деп. Әдемі етіп сөз жазып берді театрдың авторлары бірігіп. Ақындарға жазғызсаң, елдің жырын жырлап кетер еді да... Айтыс эфирге шықты. Ертесіне бүкіл телеарналар іздеп жүр, Қанат Әлжаппаров қайда? Желкесін қиямыз деп. Аманжол Әлтаев, Ринат Зайытов дейтін кісілер өте қатты айқайлады ғой маған. Қазақтың төл өнерін қорлады деп ұрысып... Енді олар айтыстың шын мәнісіндегі жанашырлары ғой. Күшті-күшті адамдардан сөз естідім. Олардың ұрсатынындай да бар енді. Бірінші Ринат Заитов "Әліппеден басқа кітап оқымаған Әлжаппаров айтысқа шығуы не масқара" деп жаман айтқан. Мен олармен ұрсыспаймын ғой. "Жарайды, сіздердікі дұрыс, қателік жасаппын" деп айтып, кешірім сұрадым", - деді театр актеры.
Дегенмен, әзіл әлемінің актеры елдің жоғын жоқтап, барын жар салатын айтыстың төрелерін қатты құрметтейтінін жасырмады. Тек өзі ғана емес, жүрген жерінде құрметке бөленетін айтыскерлер қауымын дәл осы шоу-айтыстан соң ғана түсініпті.
"Менің бір риза болғаным, айтыскер ақындардың халықтың алдында беделі өте жоғары екен. Бір ақынға шапан жауып жатыр, бір ақынға көлік мінгізіп жатыр, біреуіне ат беріп жатыр дейді ғой. Шынымен де ақын деп қабылдап қалған ғой мені. Қызылордада бір ағамыз, айтыстың фанаты. Айтыс шыққан күні түнімен ютубтан айналдырып көре берген ғой. Бір күні хабарласты, сөйлесейік, танысайық деп. Шақырған соң бардым кафеге. Саған ризамын, ат мінгізейін деп сыйлап жіберді",- деп өзінің шоу-айтыс жасап, жанкүйерлерінің көңілінен шыққандығын да айта кетті.