Шетелде қолданылатын музыка терапиясының әдістері балалардың психоэмоционалды және физикалық дамуына үлкен әсер етеді.
көрнекілік үшін сурет: 7ya.ru сайтынан
Балабақшадағы музыка терапиясы – бұл балалардың психологиялық, эмоционалды жағдайын жақсартуға, когнитивті қабілеттерін дамытуға және жалпы денсаулықтарын нығайтуға бағытталған маңызды құрал. Бірақ біздің елімізде көп қолданылмайтын, шетелде жиі қолданылатын ерекше әдістер бар. Бұл әдістер балалардың шығармашылық қабілеттерін аша отырып, олардың ішкі әлемін түсінуге көмектеседі.
1. Музыкалық нейробиология
Бұл әдіс музыканың миғы әсерін зерттеуге негізделген. Нейробиология мен музыка ғылымын біріктірген бұл тәсіл, балалардың когнитивті қабілеттерін дамыта отырып, олардың эмоциялық жағдайларын жақсартуға бағытталған. Музыка тыңдаған кезде ми белсенді бола түседі, бұл балалардың есте сақтау қабілетін, зейінін және зияткерлік деңгейін арттырады. Сондықтан балабақшада сабақ уақытысында әрдайым классикалық музыкалар қойылады екен. Германия мен Австрияда көбіорек қолданылатын бұл тәсілде балалар сабақ барысында музыка тыңдаған кезде олардың миы жаңа жолдармен жұмыс істейтіндіктен, есептерді тез шығарып, әріптерді тез үйренеді екен. Әрі ми жаңаша ойлана бастайтындықтан, берілген тапсырмаларды да тез орындауға көмектесетін көрінеді. Біздің елімізде бұл әдіс кеңінен қолданылмайды, бірақ оны енгізу балалардың логикалық ойлауын жетілдіруге ықпал ете алады.
2. Музыкалық ойын терапиясы
Музыкалық ойын терапиясы – бұл баланың эмоцияларын музыка арқылы сыртқа шығаруға арналған әдіс. Мұнда балалар балабақшаның өзінде-ақ музыкалық аспаптармен ойнап үйренед, ән айтады, музыкалық ырғаққа сай билейді. Балалар осылайша өз эмоцияларын білдіре алады, ал бұл психоэмоционалды жағдайларын жақсартуға көмектеседі.
Шетелде, әсіресе АҚШ-та, бұл әдіс балалардың әлеуметтік және эмоционалды дамуында үлкен рөл атқарады. Балалар музыкалық аспаптармен ойнағанда немесе би билегенде, өз сезімдерін түсініп, дұрыс жеткізе біледі, артық негативтерін шығара біледі. Сол арқылы баланың өзін-өзі тануына көмектеседі. Және олардың психологиялық тепе-теңдіктерін сақтауға көмектеседі.
3. Музыка мен қозғалыс интеграциясы
Бұл әдіс музыканы дене қозғалысымен біріктіреді, бірақ би емес. Балалар музыка тыңдаған кезде тәрбиеші көрсеткен қимыл-қозғалыстарды жасауды бастайды, бұл олардың физикалық дамуымен қатар, эмоциялық жағдайын да жақсартады. Музыка мен қозғалысты біріктіру арқылы балалар зейінін және сенсорлы- моторикалық дағдыларын дамытады.
Канада мен Ұлыбританияда бұл әдіс балалардың дене үйлесімділігін арттыруға, эмоциялық жағдайларын жақсартуға бағытталған. Себебі балалардың денсаулығына оң әсер ететіндігі дәлелденген екен. Олар өз денелерін дұрыс сезініп, музыка арқылы эмоцияларын реттеуді үйренеді.
4. Музыкалық психотерапия
Музыкалық психотерапия әдісі психологиялық мәселелерді шешуге арналған. Бұл әдіс балалардың ішкі әлеміне тереңірек үңіліп, оларды музыка арқылы тыныштандырады. Балалар өздерінің эмоцияларын музыка арқылы шығара алады, сол арқылы ішкі мазасыздықтарын жеңуге көмектеседі. Әсіресе, көп қолдауды қажет ететін, зейінін жинақтай алмайтын, есте сақтауы төмен балаларға үнемі классикалық муызка тыңдатады екен.
Шетелде, әсіресе Израиль мен АҚШ-та музыкалық психотерапия кеңінен қолданылып келеді. Бұл әдіс балалардың эмоциялық проблемаларын шешуге, олардың қорқыныштары мен стресстерін жеңуге көмектеседі. Қазақстанда бұл әдіс әлі кең таралмаған, бірақ музыкалық психотерапия әдісін қолдану балалардың психологиялық жай-күйін жақсартуға үлкен септігін тигізер еді.
5. Музыкалық нейрографика
Музыкалық нейрографика – бұл музыка мен сурет салуды біріктіретін ерекше әдіс. Балалар музыка тыңдай отырып, өз эмоцияларына сәйкес сурет салады. Бұл әдіс баланың шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып, оның ішкі дүниесіне тереңірек үңілуге көмектеседі.Германия мен Францияда үнемі қолданылатын музыкалық нейрографика әдісі балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған. Музыка тыңдап отырып, бала сурет салу арқылы өз эмоцияларын бейнелейді, бұл олардың психоэмоционалды жағдайын жақсартуға әсер етеді.
Шетелде қолданылатын музыка терапиясының әдістері балалардың психоэмоционалды және физикалық дамуына үлкен әсер етеді. Музыкалық нейробиология, музыкалық ойын терапиясы, музыка мен қозғалыс интеграциясы, музыкалық психотерапия және музыкалық нейрографика сияқты әдістер баланың ішкі сезімін түсініп, оны дамытудың жаңа жолдарын ұсынады. Елімізде де осы әдістердің қолданылуы балалардың толыққанды дамуына ықпал етіп, психоэмоционалды жағдайларын жақсартуға көмектесер еді. Егер бұл әдістер біздің елде кеңінен қолданылса, біз балаларымыздың шығармашылық, интеллектуалды және эмоционалды дамуын жаңа деңгейге көтере аламыз.