көрнекілік: pricheska-strizhka.ru
Қазір қоғамда оқушылардың мектеп формасына қойылатын талаптар жиі талқыға түсуде. Әсіресе қыз балалардың бантик тағу мәселесі көпшіліктің пікірталасын тудырып жатады. Бұл талаптың мәні мен маңыздылығы қандай? Бантик тағу қажеттілік пе, әлде артық талап па? Бантик тағу Кеңес дәуірінен бастау алады. Ол кезде бантик тәртіп пен тазалықтың символы ретінде қарастырылды. Уақыт өте келе бұл дәстүр көптеген мектептерде сақталып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Алайда, қазіргі заманда бұл талаптың өзектілігі сұрақ тудырады.
Көптеген ата-ана бұл ережені артық деп санап, мектеп формасындағы қатаң талаптардың баланың жеке басына қысым көрсету, бантик тағу оқушының оқу үлгеріміне еш әсер етпейтінін айтып, осы пікірді алға тартуда. Сонымен қатар, оқушылардың өздері де бантик тағуды міндет ретінде қабылдап, оны ұнатпайды. Бұл талапты орындамаған оқушылар сынға ұшырап, өзін төмен сезінуі ықтимал. Мұндай жағдайлар оқушының мектепке деген ынтасы мен өзін-өзі бағалауына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Ұстаздардың бұл мәселеде айтар сөзі маңызды. Кей жағдайларда ұстаздар бантик тағудың маңыздылығын ата-анаға немесе оқушыға дұрыс түсіндірмегендіктен, талапқа қарсылық туындауы мүмкін. Түсіндіру барысында ұстаздар оқушыларға және ата-аналарға бантиктің не үшін қажет екенін ұғынықты тілмен жеткізуі қажет. Мұғалімдер түсіндіру барысында мынадай аргументтерді келтіре алады:
- Тәртіп пен ұқыптылықтың символы ретінде: Бантик тағу оқушының мектепке ұқыпты және жинақы келуін көрсетеді. Бұл болашақта кез келген ортада тәртіпке бейім болуына көмектеседі.
- Ұжымдық бірлік үшін: Барлық оқушы бірдей форма киіп, бантик тақса, олар өздерін мектептің біртұтас мүшесі екенін сезінеді. Бұл өзара теңдік пен түсіністікке ықпал етеді.
- Эстетика мен сұлулық: Бантик қыз баланың нәзіктігі мен ұқыптылығын айшықтайтын символ. Бұл олардың талғамын қалыптастырады.
Сонымен қатар, мектеп психологтарының айтуынша, бантик тағудың тағы бір маңызды мәні бар: "ол – әлеуметтік тұтастық, яғни өзін белгілі бір топтың мүшесі ретінде сезіну. Бұл сезім мектеп формасы мен оның атрибуттары арқылы нығайтылады. Мысалы, «Сен енді мектепке барасың, сен үлкенсің!» деген сияқты сөздер баланың өзін мектептің бір бөлігі ретінде сезінуіне әсер етеді. Өзін қоғамның бір бөлігі сезінген бала, жауапкершілік ұғымын ерте бастан сезіне байтайды", - дейді.
Бұл пікір бантик тағу сияқты талаптың психологиядық мәні бар екенін көрсетеді. Егер бұл талап дұрыс түсіндірілмесе немесе артық қысыммен қолданылса, ол бала үшін теріс әсер тудыруы мүмкін!
Бантик тағу – заман талабына сай қайта қарауды қажет ететін дәстүр. Бұл талапты міндет ретінде емес, тәртіп пен эстетикаға тәрбиелеудің бір құралы ретінде қарастырған жөн. Ең бастысы – ұстаздар, ата-аналар және оқушылар арасында ашық диалог орнату. Түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілсе, бұл талапқа оң көзқарас қалыптасып, оқушының тәртібі мен жеке дамуына оң әсерін тигізетіні анық.