Павлодар қаласының оқушысы Кирилл Ким халықаралық химия олимпиадасынан 3 мәрте жеңіспен оралды
сурет: Кирилл Кимнің жеке мұрағатынан
Қазақстанның талантты жастары әлемдік ареналарда жарқырап, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Солардың бірі – Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Кирилл Ким. Ол өткен жылы Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен ICho - 2024 Менделеев атындағы Халықаралық химия олимпиадасында алтын медаль жеңіп алып, еліміздің атын асқақтатты. Бұған дейін де Кирилл 2023 жылы Халықаралық Менделеев олимпиадасынан күміс медаль иеленіп, республикалық олимпиадаларда екі рет алтын медаль алған.
Кириллдің жетістіктері – табандылықтың, еңбекқорлықтың және ғылымға деген сүйіспеншіліктің айқын дәлелі. Ол тек оқумен ғана емес, спортпен де айналысатын, еңбексүйгіш оқушы. Кириллдің "Химия – жай ғана формулалар емес, ол – әлемді танудың кілті" деген ойы көп жасқа шабыт беруде. Оның табысты жолы – үлкен арманнан басталып, қажырлы еңбекпен жалғасқан. Кирилл Ким – алға қойған мақсатына сеніммен қадам басқан жандарға тамаша үлгі!
– Кирилл, халықаралық олимпиададан алтын медаль алғаныңызбен тағы да құттықтаймыз! Олимпиададан алған әсеріңіз қандай?
– Рақмет! Олимпиада өте жоғары деңгейде өтті. Бұл менің осындай ауқымды шараға алғаш қатысуым емес, дегенмен әрқашан бірінші рет қатысып тұрғандай қобалжимын. Дайындық ұзақ әрі күрделі болды – шамамен екі жылдан астам уақыт бойы жоспарлы түрде дайындалдым. Әр кезең сайын білімімді тереңдетіп, жаңа шыңдарға ұмтылдым. Олимпиадада өзімді сынап, басқа елдерден келген дарынды оқушылармен тәжірибе алмасу маған үлкен мотивация берді.
– Олимпиадаға дайындық барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
– Ең басты қиындық – уақытымды дұрыс жоспарлау болды. Олимпиадаға дайындық сабақтардан тыс уақытта жүрді, сондықтан өз бетімше көп жұмыс істеуге тура келді. Бітпейтін есептер, қиын тақырыптарды қайталап зерттеу, ұйқысыз түндер – бәрі де болды. Бірақ химияға деген махаббатым мені алға жетеледі.
– Олимпиада барысында ең есте қалған сәтіңіз қандай болды?
– Олимпиаданың практикалық кезеңі мен үшін ерекше есте қалды. Зертханада нақты тәжірибелер жасап, күрделі реакцияларды жасау мен үшін өте қызық болды. Әсіресе, қателік жібермеу үшін барынша мұқият болу керексің. Сонымен қатар, түрлі елден келген өзіммен қатар оқушылармен танысып, химия жайлы пікір алмасып, бір-бірімізбен жарысқанымыз бәрі қызықты сәттер болып есіме сақталды.
– Кирилл, Халықаралық Менделеев олимпиадасына үш рет қатысқан екенсіз. Әр қатысудан қандай тәжірибе алдың және бұл жетістіктеріңе қалай әсер етті?
– Иә, Менделеев олимпиадасына үш рет қатыстым. Алғашқы қатысуымда қателіктер жіберіп, күміс медальді иеленген болатынмын. Бірақ сол қатысуымда көп тәжірбие жинадым, сол кезде өзіме көп нәрсе үйрену керек екенін түсіндім. Екінші рет қатысқанда, бұрынғы қателіктерімді түзетіп, күрделі тапсырмаларды шешуде сенімді бола бастадым және күміс медаль жеңіп алдым. Ол кезде алтынға 2 ұпай ғана жетпей қалды. Ал үшінші қатысуымда тәжірибем мен дайындықтың арқасында өзімді толық сенімді сезініп, нәтижесінде алтын медальға қол жеткіздім. Әр олимпиада маған жаңа білім, табандылық пен шыдамдылықтың маңызын түсіндірді. Әрі жаңа достар сыйлады. Берілмей, соңына дейін күрессең, кез-келген жетістікке жетуге болатынын түсіндірді.
– Химияға деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды?
– Үнемі теледидардан, компьютерден химиялық реакцияларды жасаған бағдарламаларды көрген ұнайтын. Бірақ нақты 7 сыныпта химия кабинетіне алғаш кіріп, түрлі тәжірибелерді көргенде бұл ғылымға ерекше қызықтым. Химия маған әлемнің құрылымын терең түсінуге мүмкіндік береді. Әсіресе органикалық химияны қатты ұнатамын, оны ең нәзік әрі күрделі сала деп есептеймін. Екіншіден, өзім оқитын Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздарының қолдауы, алға жетелеуі, химияны тереңдетіп оқытуы да себеп болды деп айта аламын.
– НИШ-қа түсуіңіз туралы айтып өтсеңіз. Бұл мектепке түсу қиын болды ма?
– НИШ-қа түсу аса қиын болған жоқ. Себебі мектепке дейін де үлгерімім жақсы болды, әрқашан үздік оқушы болдым. НИШ-ке түскеннен кейін олимпиадаға дайындалуға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік алдым. Мектеп ұжымы мені қолдап, сабақ кестемді ыңғайластырып берді. Бұл менің олимпиадаға дайындалуыма көп көмектесті.
– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
– Болашақта химия саласында терең зерттеумен айналысқым келеді. Бұл салада бакалавр дәрежесімен шектеліп қалмай, магистратура мен докторантурада білімімді жалғастыруды жоспарлап отырмын. Әлемнің үздік университеттерінің біріне түсіп, зертханада жұмыс істеуді армандаймын. Сонымен қатар, ағылшын тілін жетік меңгеруге күш салып жүрмін, өйткені ғылыми әдебиеттердің көбі осы тілде.
– Қай университетте білім алғыңыз келеді және неге?
– Болашақта әлемнің үздік университеттерінің бірінде, нақтылап айтсам, АҚШ-тағы MIT (Массачусетс технологиялық институты) университетінде оқығым келеді. Бұл университетте химия саласы өте жоғары деңгейде дамыған. Сондықтан заманауи зертханалар мен әлемге әйгілі профессорлардан білім алу – менің үлкен арманым.
– Болашақта қандай ғылыми жаңалық ашқыңыз келеді?
– Мен органикалық химия саласында жаңа экологиялық таза материалдар немесе дәрілік заттар жасап шығаруды армандаймын. Әлемде экология мәселесі өте өзекті, сондықтан қоршаған ортаға зиян келтірмейтін өнімдер ойлап табу менің басты мақсаттарымның бірі. Сонымен қатар, химия арқылы медицина саласына да үлес қосқым келеді.
– Сабақтан тыс уақытта немен айналысасыз?
– Спортпен айналысқанды жақсы көремін. Соңғы үш жыл бойы қол күресімен (армрестлинг) айналысып келемін. Спорт маған оқу мен дайындықтан кейін ойымды сергітіп, күш жинауға көмектеседі. Бұрындары карточкалық фокус түрлеріне қызығатынмын, ал карантин кезінде аспаздыққа әуестеніп, түрлі торттар пісірдім, тіпті тапсырыспен де жасағанмын. Бірақ ең үлкен құмарлығым – химия.
– Олимпиадаға қатысқысы келетін жасөспірімдерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең бастысы – өзіңізге ұнайтын істі таңдаңыз. Олимпиадаға дайындық көп күш-жігер мен уақытыңызды талап етеді. Бұл жолда шыдамдылық пен табандылық өте маңызды. Егер шынымен де ғылымға қызықсаңыз, бұл қиындықтар сізді тоқтата алмайды. Сондай-ақ өзіңізге сенімді болыңыз және жаңа нәрселерді үйренуден қорықпаңыз. Олимпиада тек білімді ғана емес, өмірлік тәжірибе мен жаңа достарды сыйлайды.
– Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет! Сізге алдағы уақытта зор жетістіктер тілейміз!
– Рақмет! Мен де еліміздің білімді жастар қатары көбейе берсін деп тілеймін. Химияға деген қызығушылығы бар жастарға сәттілік!
сұхбаттасқан: Кәрімхан Ж.