Танымал болу үшін супер талантты, керемет әдемі немесе идеал оқушы болу міндетті емес. Танымалдық – бұл адамдармен қарым-қатынас жасау өнері.
көрнекілік үшін фото ашық дереккөзден алынды
Бәріміз мектеп кезінде сыныптағы «жұлдыз» оқушыларға қызыға қарайтын едік, солай емес пе? Олар үнемі ортаның назарында, қалжыңдары өтімді, барлығы олармен дос болғысы келеді. Егер сен де осындай болғың келсе, оның ешқандай құпия формуласы жоқ. Бастысы, өзіңді дұрыс ұстап, қарым-қатынасыңды жақсартып, басқалармен шынайы байланыс орнату.
Танымал болу үшін супер талантты, керемет әдемі немесе идеал оқушы болу міндетті емес. Танымалдық – бұл адамдармен қарым-қатынас жасау өнері. Қалай дейсің ғой?
1. Сенімділік – бірінші қадам
Сенімді адамдар әрдайым көзге түседі. Бірақ сенімді болу деген - мақтану немесе өзіңді «бәрін білемін» деп көрсету емес. Өзіңе, өз ойларыңа және әрекеттеріңе сену. Мысалы, сабақта сұраққа жауап берерде «қателесіп қаламын ба?» деп қорықпай, батыл бол. Тіпті дұрыс айтпай қалсаң да, барлығы сенің белсенділігіңді бағалайды.
Бірақ есіңде болсын: шектен шыққан өзімшілдік сенімділік емес. Басқаларды тыңдап, оларға қолдау көрсетсең, адамдар сені сыйлай бастайды.
2. Достық қарым-қатынас орнату маңызды
Мейірімділік ешқашан ескірмейтін қасиет. Мысалы, жаңа оқушы сыныпқа келді делік. Сен бірінші болып онымен сөйлесіп, сыныпты таныстырсаң, ол міндетті түрде сені ерекше бір досы ретінде есте сақтайды.
Бір қызық дерек айтайын: психологтар адамдар өздерін тыңдай алатын адамдарды қатты ұнатады дейді. Егер біреу саған өз ойын айтып жатса, шынымен де қызығушылық танытып, тыңда. Оларға кеңес беру міндетті емес, жай ғана жылы қабақ танытсаң жеткілікті.
3. Таланттарыңды ашып көрсет
Әркімнің ерекше қабілеті бар. Біреу жақсы сурет салады, біреу ән айтады, ал біреу футбол ойнауда мықты. Қандай салада болса да, өзіңді көрсетуден ұялма. Мысалы, мектеп шараларына белсенді қатысу арқылы басқалардың көзіне түсуге болады. Бірақ мұнда бір маңызды нәрсе бар: өзіңді көрсету - басқа біреуді көлеңкеде қалдыру деген сөз емес.
Қызықты дерек: зерттеулер көрсеткендей, адамдар көбіне әртістік немесе шығармашылық қабілеті барларға қызығады. Өйткені олар басқалардың көңіл-күйін көтере алады.
4. Әзілдің күші
Кім күлкі сыйлай алады, сол әрдайым ортаның гүлі. Бірақ әзіл айтамын деп, достарыңды мазақтап не болмаса ренжітіп алудан сақ бол. Өзіңнің қалжыңдарың орынды әрі бәріне түсінікті болғаны дұрыс.
Мысалы, бір қызық оқиғаны есіңе түсіріп, оны әсерлі етіп айтып берсең, достарың сені сүйсіне тыңдайды. Бірақ күлкі сыйлаймын деп, өз беделіңді түсіретін әңгімелер айтып қалудан аулақ бол.
5. Әлеуметтік желіні дұрыс пайдалан
Қазір танымал болу үшін тек шынайы өмірде емес, әлеуметтік желіде де белсенді болу маңызды. Мысалы, қызықты суреттер, пайдалы ақпараттар, мотивациялық сөздермен бөліссең, сыныптастарың сенің парақшаңа қызығушылық танытады. Бірақ желіде өзіңді өзгертпей, шынайы тұлғаңды көрсет. Өйткені көпшілік жалғандықты бірден байқайды.
6. Жанашыр бол
Достық деген – тек жақсы кезде бірге болу емес. Мысалы, досың сабақта қиналып жүрсе, оған түсіндіріп бер. Немесе біреу ренжіп тұрса, оны жұбату үшін жанында бол. Мұндай сәттер адамдар арасындағы шынайы достықты қалыптастырады.
Бір қызық факт: қиын сәтте қолдау көрсеткен адам ұзақ уақыт есте сақталады. Адамдар сенімен достасу арқылы өздерін қауіпсіз сезінсе, олар сені тастамайды.
7. Әрқашан шынайы бол
Есіңде болсын, достарың сені шынайылығың үшін құрметтейді. Басқаларға ұқсауға тырысу – өзіңнің жеке даралығыңды жоғалту. Өз пікіріңді айтуға, өз стиліңді сақтауға қорықпа.
Психологтардың айтуынша, адамдар өзіне ұқсас емес, ерекше адамдарға көбірек қызығады. Сондықтан өзіңнің ерекше болмысыңды мақтанышпен көрсет.
Достарыңның арасында танымал болу – бұл өзгелерді жақсы көріп, шынайы қарым-қатынас жасау. Ешкімді ренжітпеу, өзіңнің жақсы жақтарыңды көрсету және айналаңдағыларға қолдау көрсету арқылы сен көпшіліктің сүйіктісіне айналасың.
Танымал болу – бұл сыйластық пен шынайылықтың нәтижесі. Ал сенде осы қасиеттер бар! Ендеше, өзіңе сеніп, алға қадам жаса!