ЖАПОН ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ табысты болуына НЕ ӘСЕР ЕТЕДІ

0
406

Әлемдегі ең үздік әрі ең қатал білім беру жүйесі Жапонияда...


ЖАПОН ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ табысты болуына НЕ ӘСЕР ЕТЕДІ

көрнекілік: педсовет сайтынан

Жапониядағы білім беру жүйесі әлемдегі үздіктердің қатарында екенін бәріміз білеміз. Бірақ бұл жетістіктерге жету үшін жапон оқушылары үлкен еңбек етеді: олар сабақтан кейін міндетті үйірмелерге қатысып, үйірмеден соң репетиторлармен қосымша сабақтарға барады. Демалыс пен каникул кезінде де үй тапсырмалары көп беріледі. Сонда олар бұл жүктемені қалай көтереді?


Оқу жылының басталуы

Жапонияда оқу жылы сәуір айында басталады, және үш семестрге бөлінеді. Каникулдар да көп емес: қысқы, көктемгі және ең ұзағы жазғы демалыс (бір айдан сәл артық). Және ол демалыстарды мұғалім өзі бекітеді. Жапонияда бастауыш және орта мектеп білімін мемлекет тегін ұсынады, ал жоғары мектепке бару міндетті емес, әрі ақылы. Бірақ көптеген балалар үшін жоғары мектепке түсу — бұл бүкіл өміріне әсер ететін маңызды қадам. Өйткені, Жапон халқы үшін қалыптасқан стреотип – жақсы жалақы алып, қоғамда орның болу үшін, міндетті түрде беделді университет, сәйкесінше жақсы жоғары мектепті аяқтау қажет.


Бастауыш мектептің ерекшеліктері

Жапонияда бастауыш мектеп оқушының өміріндегі ең жауапты әрі қиын кезеңдердің бірі саналады. Бұл кезеңде балаларға артылатын жүктеме жоғары. Бірақ бұл қиындықтар балалардың жан-жақты дамуына және табысқа жетуіне жол ашады.

Мектепке қабылдау талаптары да жоғары жапон балалары бастауыш мектепке түсу үшін бірнеше дағдыларды меңгеруі керек:

  • Хирогана және Катакана әліпбилерін еркін оқып, жаза білуі тиіс.
  • Арифметиканың негіздерін игеруі қажет.


Оқыту пәндері

Бастауыш мектеп бағдарламасы өте ауқымды және баланың жан-жақты дамуына бағытталған. Міндетті түрде мына сабақтарды оқиды:

  • Жапон тілі
  • Каллиграфия - әдемі жазу өнері
  • Математика
  • Қоғамтану
  • Үй шаруасы

Бастауыш мектептің соңында оқушылар 1006 кандзи ( Kanji) иероглифін білуге міндетті. Бұл жалпы қолданылатын 1945 кандзидің жартысынан көбі. Мұндай терең білім келесі білім деңгейлеріне өту үшін аса маңызды. Жапонияда оқушыларға кандзи үйрену қызықты әрі қолжетімді болу үшін түрлі ойындар мен жаттығулар қолданылады. Мысалы, "Кандзи кроссвордтары" мен қолдан жасалған карточкалар арқылы жаттайды.

Кандзи иероглифтерін үйреніп жатқан бастауыш сынып оқушысы


Бастауыш мектептің ерекше тұсы — мұнда үй тапсырмасы берілмейді. Балалар сабақтарын мектеп қабырғасында меңгереді. Үй тапсырмалары тек орта және жоғары мектепте пайда болады және бірден өте ауқымды болады. Осындай білім беру тәсілдері Жапонияның білім жүйесін ерекше әрі тиімді етеді. Бастауыш мектеп оқушыларды тәртіпке, жауапкершілікке және білімге деген сүйіспеншілікке баулиды.

Бастауыш мектепте оқушылар мектеп формасын кимейді, бірақ екінші сыныптан бастап жазғы және қысқы маусымға арналған арнайы бас киімдер беріледі. Әр оқушы бірдей рюкзак ұстайды — "рандосэру". Қыздар қызыл, ұлдар қара түсті рюкзак алады. Себебі жапон мектептерінің басты мақсаты — балаларды біркелкі тәртіпке және ұйымшылдыққа тәрбиелеу. Оқушылар мұғалімдер мен үлкендерді құрметтеп, сыпайы сәлемдесуді, тазалықты сақтауды және ережелерді орындауды үйренеді. Оқушылардың дербестікке үйренуі бастауыш сыныптардан бастап жүзеге асады. Бірінші сыныптан бастап балалар мектепке өздері барып, жолда үлкенірек оқушылармен бірге топтасып жүреді. Ал қауіпсіздік үшін бірінші сынып оқушыларына ашық сары қалпақтар кигізеді.

Сабақтан кейін оқушылар сыныптар мен дәліздерді тазалайды. Жапон мектептерінде асхана жоқ, сондықтан оқушылар өз сыныптарында тамақтанады. Кейін кезекші оқушылар сыныпты жинап алады. Осылайша, олар жауапкершілік пен еңбекқорлықты ерте жастан меңгереді.


Орта мектеп: тәртіп ережелері

Орта мектепте оқушылардан тәртіпті сақтау күшейтіледі. Мектеп формасы міндетті: ұлдар қара киім киеді, ал қыздар матрос жағалы блузка мен плиссирленген белдемше киеді. Ал кейбір мектептерде тіпті іш киімнің түсі ақ болуы керек. Сондай-ақ, сыртқы келбет те қатаң бақыланады: әшекейлер мен макияж жасауға болмайды, тіпті қас жұлуға да тыйым салынған. Шаштың табиғи түсі өзгермеуі керек. Егер қыздың шашы табиғи түрде ашық түсті болса, ата-анасынан растама мен балалық шақтағы суреттері сұралуы мүмкін.

Жапон оқушыларының күн тәртібі нақты жоспарланған. Олар таңертеңгі 7-8 аралығында сабақты бастайды, ал 16:00-де сабақ аяқталады. Бірақ бұл тек бастамасы! Сабақтан кейін мектепті тазалау, үйірмелер, қосымша сабақтар және үй тапсырмалары күтіп тұр. Мектептен 18:00- 19:00 аралығында қайтады. Қызық болғанда, демалыс пен каникул кезінде де үй тапсырмаларының көлемі артады.

Жапонияның білім беру жүйесінде ерекше назар аударатын тағы бір маңызды аспект — емтихан жүйесі. Бұл жүйе басқа елдердің білім беру жүйелерінен ерекшеленеді. Жапон оқушылары үнемі түрлі емтихандар тапсырып отырады.


Емтихан жүйесі

Жапонияда білім алу барысында оқушылар бірнеше маңызды кезеңдік емтихандардан өтеді:

  • Бастауыш мектепке түсу үшін — кейбір жеке мектептерге қабылдану үшін балабақшадан кейін емтихан тапсырады.
  • Орта мектепке түсу үшін — бастауыш мектепті аяқтаған соң орта мектепке түсу емтиханы (Chūgaku Juken) тапсырылады.
  • Жоғары мектепке түсу үшін — орта мектептен кейін жоғары мектепке өту үшін арнайы емтихан (Kōkō Juken) тапсыру қажет.
  • Әр семестр соңында — орта және жоғары мектептерде әр семестрдің соңында және алғашқы екі семестрдің ортасында емтихандар болады.
  • Ұлттық бірыңғай емтихан (Daigaku Nyūshi Sentā Shiken) — бұл біздің ҰБТ-ға ұқсас орталықтандырылған емтихан. Ол жоғары оқу орындарына түсу үшін тапсырылады. Бірақ тексеру, қадағалау өте қатаң болады. Жапон оқушылары бұл емтиханға бар күштерін жұмсап дайындалады.
  • Университетке түсу емтиханы (Nyūgaku Shiken) — жоғары оқу орындарына арнайы қабылдау емтихандары бар.
  • Университет ішіндегі емтихандар — студенттер семестр сайын емтихандар тапсырып, білімдерін дәлелдеп отырады.


Жапон көшелеріндегі емтиханға дайындайтын орталық жарнамаларындағы сурет

Ең қызығы — беделді оқу орындарына түсу үшін ең жоғары балл жинау міндетті. Яғни, тек 90 баллдан жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар ғана таңдаулы мектептер мен университеттерге қабылданады.

Міне, жапон оқушылары осындай қатаң және жауапкершілігі мол жүйеде білім алады. Бірақ бұл жүйе олардың табанды, еңбекқор әрі мақсатқа ұмтылғыш болуына үлкен ықпал етеді. Жапонияның білім беру жүйесіндегі тәртіп, жауапкершілік пен өзін-өзі күту мәдениеті біз үшін үлгі боларлық тәжірибе. Оқушылар мұнда тек білім алып қана қоймай, өмірлік дағдыларды да үйренеді: ұйымшылдық, еңбекқорлық және жоғары мақсатқа ұмтылу.


Материалды дайындаған: Кәрімхан Ж.