Атыраудағы «Білім-инновация» лицейінің 11-сынып оқушылары Хайдар Атагулла мен Қайырхан Лұқпанов «Ақылды көзілдірік» ойлап тапқан
Атыраудағы «Білім-инновация» лицейінің 11-сынып оқушылары Хайдар Атагулла мен Қайырхан Лұқпанов «Ақылды көзілдірік» ойлап тапқан. Бұл жоба былтыр халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, әлемнің үздік 100 жобасының қатарына енді. Бұл жоба көру қабілеті нашар адамдарға арналған интеллектуалды құрылғыны жасауға бағытталған. Оқушылар өздерінің инновациялық шешімі арқылы технология мен әлеуметтік көмекті біріктіруге тырысқан болатын. Қайырхан мен Хайдар биыл сол көзілдіріктің жұмысына өзгерту енгізіп, жаңа жоба ұсынып, әлемнің кез-келген университетінде тегін оқуға мүмкіндік алып отыр. Былтыр бұл жоба Jasscience-2024 байқауында жеңіске жетіп, әлемдегі ең беделді бағдарламалардың бірі – 100 Rise Global Winners 2024 тізіміне енгізілген болатын.
Инновациялық көзілдірік RikaAI жасанды интеллекті негізінде жұмыс істейді. Саусақпен басу арқылы іске қосылатын интуитивті бағдарлама қолданушыға құлаққап арқылы дауыстық командалар береді, осылайша құрылғымен өзара әрекеттесуге мүмкіндік жасайды. Көзілдіріктің өндірісінде 3D принтер қолданылды, ал камера, құлаққаптар мен микрофон арнайы тапсырыс арқылы алынды.
– Бұл көзілдірікті жасау барысында біз көп іздендік, қателіктер де кетті, бірақ нәтижесінде пайдалы құрылғыны әзірледік. Оның басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар адамдарға күнделікті өмірде көмектесу, – дейді Хайдар Атагулла.
Қайырхан Лұқпанов құрылғының негізгі қызметтерін былай сипаттады:
– Біріншіден, көзілдірік ChatGPT немесе Wikipedia тәрізді платформалар арқылы қойылған сұрақтарға жауап береді.
Екіншіден, мәтінді сканерлеп, дыбыстап оқиды.
Үшіншіден, қозғалыс кезінде кедергілер туралы ескертіп, көру қабілеті нашар адамдардың құлау мен жарақат алу қаупін азайтады.
Төртіншіден, бөлмеде болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат беріп, сипаттай алады.
Біз бұл құрылғыны әрі қарай дамытуды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда оның функционалын кеңейтуге қатысты бірнеше идеяларымыз бар. Болашақта көзілдіріктің мүмкіндіктерін арттырып, оны әлдеқайда қолжетімді ету үшін жұмыс жасаймыз, – деп бөлісті Қайырхан Лұқпанов.
2025 жылдың наурыз айында жоба халықаралық аренада тағы бір жетістікке қол жеткізді. Хайдар Атагулла мен Қайырхан Лұқпанов өздерінің «Ақылды көзілдірік» жобасымен шетелдік университеттер мен ғылыми орталықтардан қосымша шақыртулар алды. Жоба авторларына әлемнің жетекші зерттеу институттарында тәжірибеден өтуге және өз идеяларын әрі қарай дамытуға мүмкіндік берілді.
– Бұл жетістік – тек біздің ғана емес, барлық ізденімпаз оқушылар үшін үлкен мотивация. Егер сенде идеяң болса, оған сеніп, аянбай еңбек ету керек. Қазіргі заманда технология саласында жаңа нәрсе ойлап табуға мүмкіндік көп, ең бастысы – әрекет жасау, – дейді Хайдар Атагулла.
Министрлік жас ғалымдардың білім мен ғылым саласындағы инновациялық технологияларды дамытуға бағытталған талпыныстарына жан-жақты қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Бұл жоба – Қазақстандағы жас таланттар үшін үлкен үлгі. Кез келген оқушы өз идеясын дамытып, оны жүзеге асыра алатынын көруі керек. Жаңалық ашу үшін жас мөлшерінің маңызы жоқ, бастысы – талпыныс, еңбек және сенім. Егер сізде бірегей ой болса, оны жүзеге асырудан қорықпаңыз. Бүгінгі жас ғалымдар – болашақтың жаңашыл көшбасшылары!