"Алдымен біреуі, сосын екіншісі зорлады... Сол күні ағам қайтыс болды..."
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жайында соңғы кезде ашық айтылып жүр. Өз басынан өткен ауыр оқиғаны жария ету де оңай емес. Дегенмен, ешкімге тіс жарып айтпаған, өмір бойына жасырып келген жайтты өзгелерді сақтандыру мақсатында жария еткісі келетіндер де бар.
ERNUR.KZ тілшісіне қызылордалық әйел хабарласып, 16 жасында зорлықтың құрбаны болғанын, жас өміріне балта шабылып, ең бір гүлдей құлпыратын уақытын ауыр азаппен өткізгенін, бүгінде 45 жасқа толып, үш перзент сүйіп отырғаны жайында айтып берді.
Айтуынша, жас шағында гүлдей солуына, 15 жыл бойына өзімен өзі арпалысып өмір сүруіне, ауыр күйзеліске түсуіне ағасының екі сыныптасы себеп болған.
- Ол кезде біз басқа облыста, аудан орталығында тұратынбыз. Ағамның сыныптастары үйге жиі келуші еді. Кішкентайдан көріп өскен оларды өз ағамдай көретінмін. Ағам музыкант болды, ал олар соның әнін тыңдауға келетін. Сосын ауылда қандай жиын болса ағамды келіп алып кететін.
Әсіресе, үйге жиі келетін екеуінен мен тұрмақ анам да күдіктенбеген. Олар тіпті, кейде ас ішіп, ата-аналарына ескертіп үйде қонып та қалатын еді. Үйімізге еркін кіріп, дастарханымыздан дәм татып жүрген олардың маған осындай қиянат жасауы мүмкін екенін де ойламағанмын ғой, - дейді ол ауыр күрсініспен өткенін еске ала отырып.
Сол уақытта олар бір ауданның орталығында тұрыпты. Өксітер оқиға кешкі елең-алаң уақытта орын алған көрінеді.
- Әкем облыс орталығында қызмет істейтін. Бір күні кешкі бестер шамасында үйге келді де, ағамды бір ағайынның үйіне жұмсады. Ол кезде ұялы телефон тұрмақ, аудан орталығында үй телефонының өзі көп отбасында болмайтын. Күн батуға таяғанша ағам оралмады. Әкем ашуланып шақырып келуге мені жұмсады. Барсам, ол үйдегілер біраз уақыт бұрын шығып кеткенін айтқан соң кері қайттым. Күн ұясына қып-қызыл боп бата бастағаны есімде мәңгіге қалды.
Жол бойында ескілеу, ешкім тұрмайтын, шарбағы жоқ үй тұратын. Біздің үйге баратын жол сол үйді айналады. Мен де сол жерге жете бергенімде арқамнан атымды атап шақырғанға бұрылдым. Ағамның екі сыныптасы екен. Біздің үйге бара жатқан беттері, оларға ағамды іздеп жүргенімді айттым. Үйде айнала бергенде не болғанын өзім де сезіп үлгермедім, бірі аузымды жауып, екіншісі құшақтап көтеріп алды ма, әйтеуір жерге сылқ ете түскенімде әлгі ескі үйдің ішінде жатқанымды бір-ақ білдім. Айғайлайын десем, даусым шықпай қалды. Оның үстіне біреуі келіп тағы да аузымды басып қалды... Екіншісі көйлегімнің етегін көтере бергенде жанұшыра тыпырладым, бірақ шамам келмеді...
Жылап қалған ол біршама үзілістен соң алдымен бірі, содан соң екінші жігіт зорлағанын ауыр күйде әзер жеткізді.
- Күнде үйден ас ішіп, ата-анамның ақ пейіліне малынып жүріп маған осындай айуандық жасайды деп кім ойлаған? Тәніме ауыр жарақат түсіп жатса да бұл маған емес, басқа біреуге жасалып жатқандай, сенбестен күй кешкенім есімде қалыпты...
«Енді мен ұстап тұрам, сен...» деген сәттері де есімде... Ары қарай талып қалдым ба, білмеймін. Есімді жиғанымда күн толықтай батып, айнала қып-қызыл болыр тұр екен.
Сөйлейін десем даусым шықпайды, олар киімдерін дұрыстап, мені де тәртіпке келтіріп жатыр үсті-басымды. Омырауым, ішім, екі саным ауырып барады...
«Біреуге айтсаң, өзіңнің масқараңды шығарамыз. Дәлелдей алмайсың. Біз екеуміз, саған ешкім сенбейді» деп тағы бірдеңелер айтты. Орнымнам тұрып үсті-басымды қақтым да, үйге жүгірдім. Сыр жасырмайтын анама айтам деп булығып келгенмін. Бірақ үйде ешкім жоқ, есік кілттенбеген. Ата-анамды іздеп таппаған соң үйге кіріп өсіп жыладым. Үстімнен жиіркеніп шомылдым... Ішкиімімді әжетханаға апарып тастап жібердім. Сөйтіп жылап жатып ұйықтап кетіппін. Түр ортасында анамның үйге жылап кіргенінен, дабыр-дұбырдан ояндым. Мені құшақтай алған анам жылап жатыр, арасында ағамның атын айтып қояды.
Сөйтсем, біздің үйге бір емес, екі қасірет келген екен... Мен кете салысымен үйге хабар келіпті. Ағамды орталық көшеде мотоцикл қағып кетіп, төрт сағаттай ауруханада жатып қайтыс болыпты. Жалғыз ұлынан айырылу әкеме ауыр тиді. Анам да қазаны көтере алмай жылы өткенше өз-өзіне келе алмады. Ал ондай сәтте мен өзімнің зорланғанымды кімге, қалай айтайын?!
Оңбаған екеуі ұялмай ағамның бар асына келді ғой... Біреуі тіпті, ыржыңдап көзін қысқанын қайтерсің?! Ағамды да, өзімді де сол кезде жерлеп тастағандай болдым, - дейді ол.
16 жасында бір күнде екі бірдей қасіретке душар болған оның содан кейінгі тағдыры да оңай болмаған.
- Үш жылдан соң әкем қайтыс болды. Жүректен кетті... Біз анам екеуміз нағашыларымызға жақын жерге, Қызылорда қаласына көшіп кеттік.
Анама сол бойы айта алмадым. Айтқым келді, бірақ онсыз да ағамнан, әкемнен айырып мүлде морт сынғандай болды. Оның үстіне мен бұл жағдайды айтсам, тіпті ауырып қала ма деп қорықтым. Сол себепті жан адамға тіс жармадым. Оңаша қалғанда жылап алатынмын, соңы ағам мен әкемді жоқтауға ұласып, ішімде дым жоқ, бос кеңістік қалғандай күй кештім.
Ең сорақысы, біз ауылдан көшпей тұрып ана екі сұмырайдың бірі мені тағы жағалағысы келді. Мұншалық арсыз, хайуаннан бетер болуға бола ма? Содан кейін нағашы апаммен сөйлесіп, сол жаққа кетуімізді қаладым. Анамды да көндірдім соған.
Рас, ол жақта жаңа өмір бастадық. Анам да есін жинап, екеуміз ғана бір-бірімізге демеу болып өмір сүре бастадық. Оқуға түстім, диплом алдым. Анам теміржол вокзалына жұмысқа тұрды. Мен де қызметке тұрып, жағдайымызды түзедік. Арасында ауылға, әкем мен ағамның басына барып құран бағыштап тұрамыз. Бірақ жасым 30-ға келгенше маңыма еркек атаулыны жуытпадым. Жақындап кетсе маған зұлымдық жасайтындай көрінетін де тұратын.
Сол жағдайымды жұмыстағы бір әйел ғана түсінді. Екеуміз жақын едік, бір күні жаймен сұрап, жан-жарамды тап басты. Оған қалай ашылғанымды, бәрінен жасырған сырымды қалайша жайып салғанымды білмей қалдым. Ағыл-тегіл жылап, ішімді босаттым. «Енді бәрі жақсы болады. Жақсы көрем деген жігітті кері қайтарма, тұрмысқа шық» деп ақылын айтты. Расында айналамда жүрегін ұсынған жігіттер көп болатын. Сенесіз бе, сол 30 жасыма дейін мен сүйісіп те көрмедім ғой жігітпен...
Жанымды түсінетін, жылатпайтын жанды таптым, тұрмысқа шықтым. Ең қорқыныштысы алғашқы неке түні еді, ол мені қорқытып алмауға тырысты...
Содан бері міне, 15 жыл болды, бақытты өмір сүріп келеміз. Үлкен ұлым анамның қолында, екеуі бірге тұрады. Одан кейінгі бір ұл, бір қызымды әкесі екеуміз тәрбиелеп отырмыз. Көзден таса етпей, барынша білімді етіп, ешкімге зұлымдық жасамайтын адал етіп тәрбиелеуге тырысамыз. Өмірге деген өкпемді, бойыма жинап сақтаған қасіретімді жеңдім, құтылдым. Қазір жаным тыныш. Ол да күйеуімнің арқасы, сондай жанмен ұшырастырғанына шүкір Жаратқанның, - деп аяқтады ол әңгімесін...
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Ағамды көргім келмейді»: Алып қашудың құрбаны болған келіншек ренішін әлі ұмытпаған
«Аузыма түкірген екен»: Шымкенттік әйел бақытсыздығын ырымнан көреді