"Қазір анамды құшақтап сүйгім келеді. Бірақ арамызда үлкен қабырға тұрғандай"
"13-14 жастан 27 жасыма дейін анамды жек көрумен келдім. Екінші баламды дүниеге әкелгенге дейін. Оған себеп боларлықтай арамызда өте көп нәрсе болды. Ішімдік, бақытсыз болып жалғыз қалғанына бізді кінәләу..." деп көзіне жас алды оқырман ERNUR.KZ тілшісіне ақтарылып отырып.
"Сырлас болған жандардың бәрі айтты өзің балалы болғанда анаңды түсінесің деп. Бірақ алғаш ана атанғанда өз анама деген өкпем одан сайын еселене түсті. «Қалай сен өз балаларыңа сондай сөздер айтқансың? Міне, мен де ана болдым. Бірақ олай ешқашан жасай алмас едім» деп іштей жанұшыра айқайлаймын. Осындай өкпе-ренішке толы сөздер жанымды жейтін.
Ол кісі тек бірнәрсе керек кезде хабарласатын. Содан пандемиядан соң психологиялық білім алу сәнге айналып кетті ме, әлде психологтар көбейіп кетті ме, бұрынғыдан қолжетімді болды ма, әйтеуір сол жолда ізденіп, көп оқи бастадым. Сол арқылы анамды да, өз қатемді де түсіндім.
Көп жылдар бойы өзімді анама қарағанда жоғары, ақылды санап, оған өмір сүруді үйретіп, өзім анама ана болып алған екенмін. Екінші қызымды өмірге әкелгенде нағыз депрессияға кірдім. Бір күні жылап отырып анамның дәл осылай декреттен өмірінің мәнін, мақсатын жоғалтып алып отырған сәттері көз алдыма келді. «Ол да осылай өзін жоғалтып, қайта таба алмай қалған екен ғой. Қасында айқыл айтып, қол ұшын созар ешкім болмағасын, сол беті кеткені ме?» деген ой келді миыма.
Күнде осындай ойлардың жетегінде жүріп, анамды да түсіне бастадым. Хабарласса, жылы сөйлесетін болдым. Солай-солай қалай арақатынасымыз жақсарғанын байқамай да қалыппын.
Сонша жылдар анамды түзетем деп жүріп, өзіммен айналыспағам ғой. «Менікі дұрыс» деген ой, жастықтың эгосы өздігінен өсе келе жеккөрушілікке айналған сияқты.
Қазір анамды құшақтап сүйгім келеді, себепсіз алғысымды, махаббатымды білдіргім келеді. Бірақ арамызда үлкен қабырға тұрғандай, өте ауыр сезім. Аттай алмаймын сол сезімнен, кішкентай өзіме сатқындық жасайтын сияқтымын.
Бірақ көзі тірісінде осы махаббатты жеткізіп үлгермесем, ертең өкініштен жүрегім өртеніп кететіндеймін. Өмірімде барлығы бар, шүкір, тек анамның мейірленіп құшақтағаны, ризашылық білдіргені, батасын бергені жетіспейді. Жан тыныштығы ананың шын разылығында секілді. Арманым сол разылықты ала алсам екен."