«Абысынымның өміріне қызығамын» деген келіншек қызғанышы да барын жасырмады

0
685

Үнемі өзгелерге қызығып, мен де сондай болмадым деген ой басымнан кетпейтін.


«Абысынымның өміріне қызығамын» деген келіншек қызғанышы да барын жасырмады

Сурет: pic.rutubelist.ru

«Қазіргі таңда әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, блогер болсын, ел алдында жүрген танымал адамдар болсын өздерінің жарқыраған өмірлерін паш етіп, жұртты қызықтырады. Олардың жарқ-жұрқ еткен өмірі кейбіреулерге арман. Пенде болған соң, әртүрлі қызығушылықтар болады. «Басқа біреуде бар нәрсе неге менде жоқ?» деген сұрақ мазалап, тынышсызданады. Бірақ, одан ештеңе өзгермейді және өзге адамның ештеңесі кетпейді. Соңында қиналып қалатын өзің ғана. Осыны мен кеш түсіндім» деп сыры мен шынын ақтарды ERNUR.KZ редакциясына қонақ боп келген оқырман.


«Мен де өзгенің өміріне қызығып, өзімдегі бар бақытты көрмедім. Оның байыбына жетіп, қолымдағы барға қанағат етуді білмедім. Үнемі өзгелерге қызығып, мен де сондай болмадым деген ой басымнан кетпейтін. Есесіне, күйеуімді қинайтын едім.


«Сен маған сондай өмірді жасап бере алмадың» деп кінәлайтынмын. Әсіресе абысынымның өміріне қатты қызығамын, әрі қызғанамын. Ата-енем оларға жиған-тергенінің басын құрап, оның ішінде біздің еншіміздегі мал да бар, қаладан үй алып берді. Рас, қайынағам мен абысыным қаладағы жұмыстарына өз күштерімен тұрды. Оны жасырып қайтемін. Бірақ олардың сүт-май, құрт-ірімшік дегендей азықтарының бәрін ауылдан жіберіп тұрамыз. Оны дайындайтын кім? Баяғы – мен. Таң атар-атпастан сиыр сауып, оны ысырап етпей құрт-май жасау оңай емес.


Жыл сайынғы соғымдарына да көмектесеміз. Өзіміз береміз, болмаса, ауылдан сұрастырып жүріп, айтқан бағаларына лайықтап, дұрысын тауып береміз. Балалары мектепке барса, туған күнін тойласа, той жасаса, артынып-тартынып азық-түлігімізді, етімізді арқалап қалаға барамыз.


Қалаға барғанда абысынымның киім-кешегіне, дүние-мүлкіне, жеке заттарына көзімнің қырын салып жүремін. Бір басында қанша тон, қанша аяқ киім бар екенін айтсам, ауылдағы көрші әйелдер сенбейді. Рас айтамын, сонша көрсеқызар ма әлде расымен қалада солай киіне ме, білмеймін, киім-кешегі ит-ырғын.


Күйеуіме «Біз сауыс-сауыс болып, ауылда малдың соңында жүріп, не жөні түзу киім алмаймыз. Жеңгеңді қарашы, жаны қиналмай-ақ, жұмақта жүргендей шалқып өмір сүріп жүр. Ең болмаса, ұялмай киетін бір тон, анда-санда тағатын әдемі әшекейден алып бермейсің бе?» деп ішімдегіні ақтарып, бір сөйлеп қаламын. Ондайда үндей алмайды. «Енді олар қалада жүр ғой. Өзіңді өйтіп салыстыра берме. Сенің өз артықшылықтарың бар» деп мені алдаусыратып қояды. Бірақ дегеніме көндіріп, қажетімді алғызып аламын.


Қайынағам ата-енемді өткен жылы санаторийге жатқызды. Екеуі риза болып келді. Қайынағам мен жеңгемді мақтай бергендерінен құлағым сарсып кетті. Тіпті тыңдағым да келмейді. Олар секілді қалада шалқып өмір сүріп жатсам, мен ата-енемді санаторий тұрмақ, аспанға шығарар едім. Ата-енеден бөлек тұрған соң сыйы да бізге қарағанда бөлек шығар.


Мен енемнің сол жақтан келгеннен кейінгі сөздерін көтере алмай қалатынмын. Әсіресе енемнің «Үлкен келіннің мінезі жібектей ғой, айналайын. Артық сөзі, басы артық қылығы жоқ» деп мақтайтынына, «Кіші келінім өзім сияқты қызба мінезді. Бірақ есейе келе қояды ғой онысын» деп өтірік көлгірситініне жыным келетін еді.


Ал қазір мұның барлығына жүйкемді тоздырмаймын, енемнің сөздеріне де үйрендім. «Өзім секілді» десе, демек, ешкім өзін жек көрмейді, өзі секілді адамды әрбір адам жанына жақын тартпаушы ма еді? Айтылған сөзді де өз ыңғайыма қарай бұрып алғанда өмір сүру жеңілдей түсті. Бұрынғыдай шыж-быж болмаймын.

Жүректің тыныштығы осылай орын алғанда бақыттың дәмін сезіну бұйырады екен.»