"​Ағам мен жеңгем балаларына бірде – көл, бірде – шөл"

0
199

"Ештеңенің қадірін білмейсіңдер. Мастанғансыңдар" деп сөгеді"


Сурет: baotuyenquang.com.vn

"Кейбір ата-аналардың бала тәрбиесіне соншалықты жеңіл қарайтыны таң қалдырады. Олардың ойларынша баланы дүниеге әкелумен ісі бітетін секілді. Құдды бір бала өздігінен тәрбиеленіп өсетіндей. Өсуін өседі-ау, бірақ дұрыс қалыптаса ма, түзу өсе ме – мәселе сонда" дейді ERNUR.KZ порталының әлеуметтік желідегі аккаунтына хат жолдаған кезекті оқырман.


"Екі ағам үйленген. Тұрмысқа шықпай тұрып екеуінің қолында кезек-кезек тұрдым. Жеңгелеріме бала қарауға көмектесуге көп шақырып алатын. Сол кездерде аға-жеңгелерімнің балаларымен арасында орын алатын бір қатені көп байқадым. Ол – ата-ананың балаға бірде көл, бірде шөл болуы.

Әсіресе, екі жеңгем мен үлкен ағам сондай. Баласын қазір ғана еркелетіп отырып, болмашы бірдеңе үшін ұрсып бере салады. Тіпті, ұрып жібергенін де көрдім. Мақтап отырып, аяқ астынан кемшілігін айтып даттай салады. Қазір ғана күліп сөйлеп отырған жерінен бірден бақырып береді. Дүкеннен тәттілер әперіп мәз-мейрам қып қояды да, аз уақыттан соң «Ненің қайдан келіп жатқанын білмейсіңдер. Бәрі тегін деп ойлайсыңдар ма? Ештеңенің қадірін білмейсіңдер. Мастанғансыңдар» деп сөгеді. Немесе анасы зиян, болмайды деп тыйым салған нәрселерге әкесі рұқсат беріп баланың басын қатырады.

Бір ғана мысал айтайын. Ағамның баласы шай үстінде бірнеше сабақтан бес алғанын айтып отыр еді. Аға-жеңгем де оған риза болып, мақтап, арқасынан қағып жатқан. Бір кезде інім стаканды байқамай қағып жіберіп, үстелге су төгілді. Жеңгем бірден «Абайламайсың ба? Қарап отырмай, бірдеңені бүлдіріп отырасыңдар» деп ұрса жөнелді. Ағам болса «Нең бар балада? Сүртіп ала салсайшы, не болды сонша?» деп әйеліне дауыс көтерді. Жаңа ғана мақтау естіп мәз болып отырған байғұс бала аяқ астынан сүтке тиген мышықтай боп өзін кінәлі сезініп қалды. Осы сияқты көріністер сіздің үйде де болып тұратын болса, бұл туралы міндетті түрде ойлану керек.

Бұлай істеу дұрыс емес сияқты көрінсе де, аға-жеңгелеріме қалай айтарымды білмейтінмін. Өйткені, өзім түсініп тұрғанмен, біреуге түсіндірерліктей білімім болмады. Қазір балалар психологы мамандығының иесімін әрі өзім де екі баланың анасымын. Сондықтан, бұл мәселенің зиянды салдарын терең түсінемін, білемін десем болады.

Ата-ананың балаға бірде көл, бірде шөл болуы, яғни, біресе қатты жақсы көруі, біресе айқай салуы қалай әсер етеді?

Балалар бәрі анық және нақты, белгілі болғанды жақсы көреді. Неден кейін не болады, қалай болады, не себепті оалй болады – бұларды білу маңызды. Мысалы, балаға әр күнінің өзгеше өткенінен көрі, белгілі бір күн тәртібі болғаны, әр күнінің сол режим бойынша өткені жеңіл. Ал үйдегі, ата-анасының көңіл-күйіндегі «ауа-райы» аяқ астынан әрі жиі өзгеріп отырса, бала не боп қалғанын аңғарып үлгермейді. Әр түрлі жағдайларда өзін қандай қарым-қатынас күтіп тұрғанын білмей әлек болады.

Осының кесірінен балада да көңіл-күйдің құбылмалы болуы қалыпты күйге айналады. Мінез-құлқында жалтақтық, жасқаншақтық, сенімсіздік, тұйықтық пайда болады. Эмоцияларды түсінбейді, көрсете алмайды. Осының бәрі адамдармен қарым-қатынаста қиындықтар орын алуына себеп болады. Тіпті баланы түсініксіз қорқыныштар мазалауы мүмкін. Өз ұл-қызыңызға осындай мәселелер тілемесеңіз, оған себеп болмауға күш салыңыз.

Балалар – ата-ананың айнасы. Перзентіңіздің бойынан проблема көрсеңіз, өзіңізді бақылаңыз. Сіздің балаңыздағы мәселе алыстан келмейді. Оның бастауы сізден болуы мүмкін."