«Ағам мен жеңгем ұлымды тартып алмақшы»: бесікте қалған інісін бағып-қаққан әйел көпшіліктен кеңес сұрап отыр

0
1 545

«Құдаларыма не жоқ десейші, менімен араласпай кетті»


«Ағам мен жеңгем ұлымды тартып алмақшы»: бесікте қалған інісін бағып-қаққан әйел көпшіліктен кеңес сұрап отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Отбасымның берекесін кетірген бір мәселе бар. Өзімнің ақылым жетер емес, сол себепті көпшіліктен кеңес сұрасамдеп хабарласып отырмын», - деді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан әйел.


Ағасының жалғыз ұлын бауырына басып, өсірген екен. Енді оны туған әке-шешесі тартып алмақшы көрінеді. Болған жағдайды оқырманымыз Ләззаттың өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Қыз болып, енді бойжетіп келе жатқанда анамнан айырылдым. Анам байғұстың бүйрегі ауыратын, ақыры содан кетті. Бұл кезде екі әпкем бойжетіп, тұрмысқа шығып кеткен. Үйде әскерден енді келген ағам, әкем, үшеуміз қалдық. Анамның қазасы әкемді де ойсыратып тастады. Еңселі, денелі кісі еді, бір жылда шөкімдей боп азып, тозып кетті. Ақырында ағамды шақырып алып, «менің көзімнің тірісінде үйлен, келінді көріп, қолынан шай ішіп кетейін. Шешелеріңе баратын күнім де таяп қалған сияқты» деп ашып айтты. Әскерден енді келген беті, әйтеуір ағайын жеңгеміздің төркін жағынан бір қызбен танысып, бір аптада алып қашып келді.


Бұл уақта мен мектеп бітіріп қойғам. Қалаға, институтқа мұғалімдікке түскем. Бірақ артынша әкем қайтыс болды да, оқу жайына қалды. «Мал бар ғой, төлейміз» деген әкемнің көзі кеткесін малдан береке кетті. Жетісі, қырық күндігі, жылдық асы, арасында құда күту, бесік той сияқты той-жиынға сойылып-ақ таусылды.


Сонымен мен үйде, жеңгемнің жанында болдым. Қалада оқып, әбден тісқағып қалған қыз екен, жеңгемді айтам, келгелі бізді менсінбеді. Әлде ата-ене болмағасын өзін тым еркін ұстады ма, әйтеуір ағамды уысында ұстады. Келе сала қыз, артынша ұл тапты. «Мен мына үйде қарайып отыра алмаймын, дипломым күйіп кетеді. Балаларға Ләззат қарай береді ғой, ауданға барып жұмыс істеймін» деп ағама айта беріп, ақыры дегеніне көндірді. Жеңгем күн шықпай жұмысқа кетіп, қас қарая оралады. Балаларды өзім бағып, үйдің шаруасын өзім істеп жүрдім.


Бірақ жеңгеме бұл да аздық етіпті. Бір күні ай-шайға қарамай киім-кешегін жинады да, «мен басқа біреуді сүйіп қалдым» деп кетті. Ол кезде ағамның ұлы жасына енді толған-тұғын. Көрші үйден ешкінің сүтін әкеп, түн баласы көз ілмей, өзім өсірдім. Ағам екеуі сотта заңды түрде ажырасып, қызды шешесі, ұлды ағам алатын боп келісіпті. Бірақ ағама бұл жағдай өте ауыр тиді-ау, күн құрғатпай ішетін болды.


«Серікке ақыл айтыңдаршы» деп екі әпкеме айта-айта шаршадым. Бір-екі мәрте жөнге салмақ болды. Нәтиже шықпағасын олар да қолдарын бір сілтеп, жөндеріне кетті. Үлкенді тыңдамағасын мені қайтсін. Түн баласы көз ілмей, бүгін ішпей келсе екен деп тілеп шығушы едім. Келген сайын үйдегі ыдыстарды «Мынаны Нұрби ұстаған, маған оның арам дүниесі керек емес» деп қирата беретін. Шаршап, жүйкем тозғасын інімді алдым да, қалаға кетіп қалдым.


Бұрын, оқуға түскен кезде әкем бір орыс кемпірдің үйіне жайғастырған. Сол апаны паналап бардым. Құдайға қараған адам еді, жарықтық. Балаға өз немересіндей қарап, бақшаға жасы жеткенше үйде бағып берді. Бұл уақта мен бір дүкенге сатушы боп орналастым. Кейін сол жердегі клиенттермен тіл табысып, мекемеге хатшы боп кірдім. Бірнеше жылдан соң сырттай оқуға тапсырып, диплом алып, мамандығым бойынша жұмысқа тұрдым. Жеке пәтер жалдап, апамызға алғысымызды айтып, бөлек кеттік. Бірте-бірте жалақымды жинап, мемлекеттік жәрдеммен пәтер алдық. Етім тірі екен, бір өзім, баламды өсіріп, осы күнге жеттік.


Ағамның ұлы жағдайды білді, бірақ мені «мама» деп өсті. Мен дегенде шығарға жаны бөлек. Былтыр үйленіп, келін түсірдім. Құдалыққа екі әпкем, құрбыларым, бәріміз барып, ырғап-жырғап қайттық. Қазір тәп-тәтті, өзіме ұқсаған немере қызым бар. Кешегі күнге дейін тып-тыныш, ешкімге килікпей, ешкімнің мазасын алмай өмір сүріп жатқанбыз. Жақында бір жағдай орын алды.


Осыдан төрт ай бұрын ағам мен жеңгем қайта табысыпты. Жиырма жылдан кейін сүмірейіп алқаш ағама қайта қосылған жеңгеме дауа жоқ екен. Тәп-тәуір отбасын бұзып кеткенде не тапты десейші. Ақыры айналып келіпті. Келгені бар болсын, «ұлымызды қайтарып алайық, сенің жалғыз тұяғың ғой» деп ағамның миын айналдырып қойыпты. Менің жұмысыма келіп, «біз жарастық, енді баланы қайтарып алайық, келін екеуі ауылға келсін» деген. «Бір жасында, емізулі кезінде қарамай тастап кетіп едің, енді өсіп, өз қолы өз аузына жеткенде бала керек боп қалды ма» деп екеуіне ұрысып, қайтарып жібергем.


Сөйтсем екеуі ұялмай-қызармай құдалардың ауылына барыпты. Болған жағдайды қай беттерімен айтқанын, құдағиым хабарласып «сіз күйеу баланың туған шешесі емес екенсіз ғой» дегенде талып қала жаздадым. Бұл жағдайды келінім де білмейтін ғой. Мен жайлы не айтқанын білмеймін, құда-құдағиым тым-тырыс кетті. Тамаққа шақырсам да «қолымыз бос емес» деп сылтаурататын болды. Бұрын немерелерін көруге жиі келіп тұрушы еді.


«Арман, туған әке-шешең ғой, олармен де араласайық. Папам мен мамам туған құда-құдиғиымыз тұрғанда араласпағанымыз ұят деп отыр» деп келінім балама төркінінің хабарын айтқан екен. «Оттамасын, олай болса сен де олармен араласпайсың. Менің жалғыз анам бар, басқаларды мойындамаймын» деп келінімді тыйып тастапты. Келінім екі оттың ортасында қалғандай, қабағы бір ашылар емес. Балам да іштен тынып жүр ғой, бірақ сыр берер емес. Есім кетіп, осыдарды уайымдап өлетін болдым.


Кезінде ешқайсысы керексінбеді осы баланы, енді үйлі-күйлі, жағдайы күшті, бағылған-қағылған, оқылған-тоқылған баланың жекжатымен араласып, өздеріне иілдіргісі келеді. Ол кішкентай бала емес, әрі-бері тартатын. Дардай адам ғой, ақылы мен есі қалыптасқан. Сонда да мазасын ала береді. Соның кесірінен әкесі сияқты ішіп, тура жолдан тайып кете ме деп қорқамын. Енді не істеуге болады бұл жағдайда? Көзі қарақты оқырман ақыл-кеңесін айтса екен...»