Балаларымның анасы, менің өмірлік серігім әрдайым жанымда болғанын қалайтынымды сезіндім.
Сурет: pinterest.com
"ERNUR.KZ порталының барлық оқырмандарына "Қосақтарыңызбен бірге қартайыңыздар" дегім келеді" деген тілегін жеткізді Нұржан есімді азамат. Ол анасы дүние салғаннан кейін жалғыз қалған әкесінің жайына алаңдаушылығы барын да жасырмады.
"Жаныңдағы өмірлік жолдасыңды, таңдап алған жарыңды барында бағалай білу керектігін ерте бастан түсіне алу үшін мен өзгелерге сабақ болсыншы деп осы хатымды жазуға бел будым.
Анам бізді тастап о дүниелік болғанда әкем 64 жаста еді. Бәлкім бұл кейбіреулер үшін қарттық кезең боп көрінуі мүмкін. Ал мен үшін әкем ол кезде жас болатын. Алпыс төрт жас – ер адамға әйелінің ең қажет болатын кезі деп ойлаймын.
Қазақта «Орта жолда атың өлмесін, орта жаста қатының өлмесін» деген сөз бар ғой. Дәл сол кейіп менің әкемнің басына түсті. Өйткені, әкемнің жай-күйін көріп жүрмін, бірден шөгіп, қалжырап қалғандай.
Анам өмірден кеткенде біз, алты бала, жан-жақта едік. Әрқайсы өз өмірлерін сүріп жүрген. Мен де ол кезде үйленгенмін, балаларым бар. Қалада бөлек тұрып жатқанбыз. Басымызда баспанамыз болмаса да пәтер жалдап, болашақта үйлі болудың жоспарымен жүргенбіз. Ауылдағы әке-шешем «Бізге қарайламаңдар. Жассыңдар, біздің де басымыз жерге тиіп тұрған жоқ. Өз күнімізді өзіміз көреміз. Сендердің болашақтарың алда. Жұмыс істеңдер, дамыңдар» деп ақ батасын беріп шығарып салған болатын.
Барлығы аяқ астынан болды. Анам ол кезде алпысқа да толмаған. Былай денсаулығы бірқалыпты еді. Бірден жүрек талмасы ұстап, содан ауруханада бірнеше күн жатты да, бақилық болды. Анам ауруханаға түсіп қалғанда алып-ұшып жеттім қаладан. Басқа бауырларым да келді. Жансақтау бөлімінде жатқан анамның қасына кірдім. Жағдайын сұрағанымда «Балам, қатты шаршағаннан ғой, алаңдамаңдар. Жақсымын. Тек қана ұйқым келе береді, әл-қуат жинап алсам, шығамын ғой» деген еді. Бірақ сол – соңғы сөздері екен.
Жансақтау бөлімінен өз аяғымен шықпады. Басқа түссе, көнбеске амал қайсы?! Қайғырдық, жылап-сықтадық. Бірақ тірі адам болған соң, тіршілік ету керек. Әкем жалғызсырап қалады ғой деп бір айдай ауылда, әкемнің жанында тұрдық. Сосын қайтадан қалаға кетуге тура келді.
Әкемізді бірге алып кетуге шешім қабылдадық. Жалғыз өзі ауылда қалай күн көрмек? Сөйтіп қаладағы жалдамалы пәтерімізді жерсінбеді ме, әкем де ауырып қалды. Барлық жағдайын жасап, асты-үстіне түсіп жатсақ та, ауылға аңсары ауа берді. Сосын ауылға қайтамын, сендер осында бола беріңдер. Маған қарайласатын ағайын-туыс, көрші-қолаң бар ғой» деп жалынғанымызға қарамай, ауылға кетті. Сонда маған «Әкеміздің жанына серік керек екен» деген ой келді.
«Үйленіңіз» деп алдынан өттік. Бірақ «Аналарыңның орнын ешкім алмастыра алмайды, мен үйленбеймін» өзі бас тартты.
Сол кезден бері жанымда жүрген әйеліме де бұрынғыдай көзқарасым өзгерді. Балаларымның анасы, менің өмірлік серігім әрдайым жанымда болғанын қалайтынымды сезіндім. Сондықтан, барынша қамқор болып, жағдайын жасауға тырысып жүрмін."